Ресей күштері Донецк пен Луганск облыстарын басып алуға әрекеттенуде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ресей күштері Донецк пен Луганск облыстарын басып алуға әрекеттенуде

27.04.2022

Украинадағы әскери қақтығыс жалғасып жатыр. Ресей күштері Донецк пен Луганск облыстарын басып алуға әрекеттенуде. Әуе шабуылын үдете түскен. Осындай шақта Батыс елдері Украинаны әрі қарай қаруландыруға келісті. Сонымен бірге осы елмен шекаралас Молдовада бірнеше жарылыс болды. Шабуыл үшін тараптар бірін-бірі айыптап отыр.

Украина қарулы күштері қарсы жақтың майдан шебін бұзуына мүмкіндік бермей, қорғанысты ұстап тұр. Бұл - ресми Киевтің мәліметі. Ресей әскері елдің инфрақұрылымдарына, әскери нысандарына соққы беруді тоқтатқан жоқ. Салдарынан Запорожьеде бір кәсіпорын қираса, Одесса облысында автомобиль-теміржол көпірі құлады. Осыған орай Ресей Қорғаныс министрлігі мәлімдеме жасады.

Игорь Конашенков, Ресей қорғаныс министрлігінің өкілі:
"Ресей қарулы күштері Украинадағы арнайы әскери операциясын жалғастырып жатыр. Алыс қашықтыққа ұшатын, әрі нысанаға дәлдеп тиетін Калибр зымырандары АҚШ пен Еуропа елдерінен жеткен шетелдік қару-жарақ пен оқ-дәрілердің ірі партиясы сақталған Запорожье алюминий зауыты аумағындағы ангарды жойды".

Нато Мен Ео Украинаға ауыр қару бермек

Ал, НАТО мен Еуропа одағына мүше елдер Украинаны әрі қарай қаруландыруға уағдаласты. Германияның Рамштейн әскери базасында 40 елдің қорғаныс министрлері бас қосты.

Оның негізгі қорытындысы сол – Германия Украинаға көмекке «Гепард» деген 50 танкісін жөнелтеді. Ол ұшаққа қарсы зымырандармен жабдықталған. Ал, Нидерланды Киевке гаубицаларын аттандырмақ.

Лиз Трасс, Ұлыбритания сыртқы істер министрі:
"Ұзақ уақыт бойы қорғаныс пен шабуылдаушы қарулар арасында жалған айырмашылық болды. Бұл кейбіреулерге уақытты созуға сылтау еді. Ол заман өтті. НАТО-дағы одақтастар енді біздің Украинаға ауыр қару-жарақ жеткізіп жатқанымызды анық біледі. Бұл арсенал украиндықтарға Ресейдің соңғы бастамасын тоқтатып, территориялық тұтастығын қалпына келтіру үшін қажет".

Приднестровьеде жарылыстар болды

Тағы бір мәлімет. Украинамен шекаралас Молдовадан да маза кете бастады. Елдің Приднестровье аймағында бірнеше шабуыл жасалған.

Орыс тілінде хабар тарататын радионың екі мұнарасы зақымданып, әскери бөлімшелерге оқ жаудырылды. Оқиғаға кімдер жауапты екені белгісіз. Дегенмен Приднестровье билігі шабуылға Украинаны айыптады. Алайда, Украина бұның бәрін Ресей аймақтағы жағдайды тұрақсыздандыру үшін әдейі ұйымдастырды деп мәлімдеді. Ал, Ресей сыртқы істер министрлігі Мәскеу мұндай сценарийге жол бергісі келмейтінін ескертіп, жағдайды жіті бақылауда ұстайтынын мәлімдеді. \

Арай Төлегенқызы

Хабарламаларға жазылу