«Сергек» жүйесінде жаңа функция іске қосылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Сергек» жүйесінде жаңа функция іске қосылды

27.04.2022

«Сергек» жүйесінде жаңа функция іске қосылды. Енді қырағы камералар жалған мемлекеттік нөмірмен жүрген көліктерді анықтай алады. Мәселен, Алматыда бір тәулікте осы кешеннің көмегімен 11 жүргізуші ұсталып, көліктері айып тұрағына қойылған. Олар 790 құқық бұзушылық жасап, 12 миллион теңгеден аса айыппұл арқалады.

Қуан Нұрақын, тілші:

«Сергек» камералары анықтаған құқық бұзушылық деректері осы жедел басқару орталығына келіп түседі. Бұл жерде инспекторлар экипажға көлік туралы ақпарат беріп, қаланың қай жерінде жүргенін бақылап отырады.

Орталықта жұмыс қауырт. Мәселен, қазір жалған нөмірмен жүрген қара түсті көліктің Абай көшесімен қозғалып бара жатқаны анықталды.

«Көлік менікі емес» деген жүргізуші тізгіндеген темір тұлпарға тағылған мемлекеттік тіркеу нөмірі жалған болып шықты. Тиісті құжатын көрсете алмады. Орталық базадан инспекторлар оның бұл көлікке қатысы жоқ екенін анықтады. Полиция қызметкерлері енді тиісті шара қолданады.

Саят Жексембиев, Жол-патрульдік полициясының инспекторы:

Өзіміздің патрульдік аймақта осы көлікті көріп тоқтаттық. Тоқтату барысында өзімен бірге құжаты болмады. Көлікке хаттама толтырып, тұраққа апарып қоямыз.

Бөтен немесе жалған нөмір таққан көліктер жедел басқару орталығында бірден көзге түседі. Инспекторлар олардың әр қозғалысын аңдып, жол-патрульдік полициясына хабарлап отырады.

Манап Саттаров, қалалық жергілікті полиция басқармасының басшысы:

Орнатқаны үшін айыппұл салынады. Жеке тұлғаларға 15 АЕК, ал заңды тұлғаларға 50 АЕК айыппұл салынады. Ал, айдап жүргені үшін бір айдан бір жылға дейін көлік жүргізу құқынан айырылады.

Қырағы камералар мегаполиске былтыр күз айында орнатылған. Олардың саны қазір бес мыңнан асады. Іске қосылған уақыттан бері 200-ге жуық көлік айып тұрағына қойылып, 240 жүргізуші жазаланған.

Қуан Нұрақын


Хабарламаларға жазылу