Алматы облысында мал төлдету науқаны қызды. Жетісулық шопандар биыл 2 млн саулықтан төл алуды жоспарлап отыр. Қазір олардың 600 мың басы төлдеді. Өңірдегі тілшіміз Қуаныш Қанатұлы шаруалардың қарбалас сәтіне куә болды.
Қуаныш Қанатұлы, тілші:
Биыл қыс жайлы болғанымен шопандар көктем мен жазда қуаңшылық бола ма деп алаңдаулы. Дегенмен мал төлдету науқаны дәл қазір қызу жалғасып жатыр. Ата кәсіпті нәсіп еткен ағайын 100 саулыққа 100 қозы алсақ та жаман болмас еді деген пікірде.
Аға шопан Нұрдәлет Молдабековтың ата кәсіпті қолға алғанына 30 жылдан асты. Асыл тұқымды меринос қойын бағып, қыс қыстауға, жаз жайлауға көшіп-қонып жүр. Биыл қар аз түскендіктен қыстан аман шығып, төл санауға кірісті.
Нұрдәулет Молдабеков, аға шопан:
Қысымыз жақсы болды ғой. Ондай қыс болған жоқ шығар. Жаз болды ғой қысымыз. Қойымыз да жақсы шықты. Жайылымның шөбі де жақсы болды.
Көксу ауданындағы Гүлжамал шаруа қожалығы мал басын көбейтумен 2001 жылдан бері айналысып келеді. Ол кезде қой саны 500 ғана болатын. Ал қазір 3500-ге жеткізді. Мұнан бөлек, жылқы мен сиырдың да басы еселенді. Төрт түлікті түгендеп, түйе де бағып жатыр. Мал баққанға бітеді деп маңдай терін аямаған жандар кәсіптің машақаты қөп, дейді.
Бегалы Есалинов, шаруа қожалығының жетекшісі:
Терімізді далаға лақтырып жатырмыз шыны керек. Тері ешкімге керек жоқ болып қалды. Көрінген жерге апарып тастап жатыр. Өртеп жатыр. Қара қойдың жүні өртеліп жатыр, солай кетіп жатыр. Ал осыны сұрасақ кеден баж салығы қымбат деп жатыр. Содан кейін алмаймыз дейді көбісі.
Жалпы өңірде мал төлдету науқаны ойдағыдай дейді шаруалар. Бірер күнде қой қырқу науқанына кірісіп, жайлауға көшуге қамданбақ.
Қуаныш Қанатұлы