Бюджет қаржысы дұрыс жоспарланбайды - депутат - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бюджет қаржысы дұрыс жоспарланбайды - депутат

27.04.2022

Әлеуметтік мәселені шешуге қаржы таппай, безендіру мен қонақ күтуге бюджеттен қыруар қаржы шашады! Шымкентте мерекелерді сәндеп, қалаға жұмыс сапармен келгендерге өткен 2 жылда 3 млрд теңге шығындалған. Солтүстік Қазақстан 10 млн-дай жұмсапты. Ал, Жамбыл өңірі бір тиын шығармай-ақ ешкімнің көңіліне тимеуге болатынын көрсетті, дейді депутат. Елорда әкімдігі тіптен жомарт екен. Аула ішіндегі қарды кооперативтер тазалайтынын ескерсек, көшені айнадай етуге үш жылда 50 млрд теңге бөлген. Демек күніне 100 млн-нан астам теңге кетіп отыр. Бірақ, қардан аршылған қаланы көрмедік. Сорақысы сол – ауа райы ұқсас Қостанайдың қаласына ғана емес, тұтас облысын қардан тазартуға 4,8 млрд теңге жұмсалған. 10 есе аз. Ал, Атырау облысында үш жылда 3 млрд 300 млн теңге бөлінсе, Батыс Қазақстан 327 млн теңге ғана шығындаған. Қаржы министрі қайда қарап отыр деген сауал жолданды.

Динара Закиева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Депутаттардың нақты мәселелерді шешу ұсынысына әкімдіктер бюджетте қосымша қаржы қаралмаған деп құтылады. Бірақ, тиімді жұмсап, дұрыс талдау жүргізілсе бәрі басқаша болар еді. Сондықтан жергілікті атқарушы органдар бюджетті жоспарлауды қайта қарау керек. Үнемдеу арқылы өзекті әлеуметтік мәселелерді шешу тетігін пысықтаған абзал.


Хабарламаларға жазылу