Рудный қаласындағы студенттердің астан улануына асханадағылар кінәлі болып шықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Рудный қаласындағы студенттердің астан улануына асханадағылар кінәлі болып шықты

27.04.2022

Рудный қаласындағы 70-тен астам студенттің астан улануына асханадағылар кінәлі болып шықты. Бүгін Қостанай облысындағы санитар дәрігерлер зертханалық тексеріс нәтижесін жариялап, жағдайдың болжамды себебін айтты. Тексеру барысында асхананың өзінде талап бұзылғаны анықталған. Атап айтқанда, ас күні бұрын дайындалып, тиісті мөлшерде салқындатылмай сақталған. Даярлау технологиясы бұзылған. Қызметкерлердің медициналық кітапшалары болмаған. Зертханалық тексеру кезінде олардың үшеуінің ағзасынан патогенді стафилококк табылған. Бұл бактерия салат дайындалған қияр мен сәбіздің де құрамынан анықталды. Енді санитар мамандар ауруды таратушы асхана қызметкерлері болуы мүмкін деп отыр. Айта кетейік, өткен аптада Рудныйдағы колледжде оқитын 72 студент астан ұшынып, оның 14-і ауруханаға түскен болатын.

Рагүл Тәженова, Санитарлық эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы:

Барлық талаптардың бұзылуы бойынша ақпарат Полиция департаментінде. Егер осы оқиғаның құрамынан қылмыстық әрекет табылмаса, біз заңды тұлғаны әкімшілік жауапқа тартамыз. Яғни 700 мың теңге көлемінде айыппұл салынуы мүмкін.

Дәуренбек Әбдібек


Хабарламаларға жазылу