Премьер-Министр: Елдегі барлық оқу орындарының өрт қауіпсіздігі тексерілуі қажет - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Премьер-Министр: Елдегі барлық оқу орындарының өрт қауіпсіздігі тексерілуі қажет

26.04.2022

Елдегі барлық оқу орындарының өрт қауіпсіздігі тексерілуі қажет. Премьер-Министр бүгін Үкімет отырысында осындай тапсырма берді. Білім ошақтарындағы сигнализация, өрт сөндіргіштер, өрт кезіндегі апаттық шығу есіктерін тексеру шарт. Сондай-ақ жазғы лагерьлер мен сауықтыру орындарындағы өрт қауіпсіздігін қазірден пысықтау қажет, деді Үкімет басшысы. Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин өрт ошақтарын әуеден бақылау маусымы басталғанын айтты. Өйткені, өткен жылдың өзінде 167 мың гектар орман алқабы өртке оранған еді. Сондықтан ормандар мен далалардағы тұтану ошақтарын дер кезінде анықтау үшін тұрақты авиациялық патрульдеу қызметі жұмыс істейді. Қазіргі уақытта өртке қарсы қызмет өкілдері шаруа қожалықтарын аралап, өрт сөндіру құралдарының бар-жоғын тексеруде. Ал ірі табиғи өрт болған жағдайда қосымша мамандар тартылады.

Юрий Ильин, ҚР Төтенше жағдай министрі:

Қосымша жұмылдырылатын адам саны 39 мыңнан асады. Бұл топ болуы мүмкін ірі өрттерге тартылады. Өкінішке қарай, жергілікті атқарушы органдардың барлығы бірдей авиациялық қызметтердің бірыңғай операторымен келісімшарт жасаспаған. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып жатыр. Мамыр айының қорытындысы бойынша тағы ұсынымдар береміз.


Хабарламаларға жазылу