Бельгиялық көк сиыр Қазақстанда өсіріледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бельгиялық көк сиыр Қазақстанда өсіріледі

26.04.2022

Бельгиялықтар қазақстандық фермерлермен ұзақмерзімді ынтымақтастық орнатуға ниетті. Әрі әлемге танымал бельгиялық көк сиырды Қазақстанда өсіруге құлшынып отыр. Етті малдың ерекшеліктерін паш ету үшін елдің шаруалары аукцион ұйымдастырды. Экзотикалық келбетке ие ірі қараны өсірудің пайдасы неде?

Нұрсұлу Қасым, тілші:

Бельгиялық көк сиыр 1956 жылы қарапайым сиыр мен британдық қысқа аяқты бұқаны будандастырудың нәтижесінде алынған тұқым. Бұл – әлемдегі ең жоғарғы сұрыпты ет өндірісінің чемпионы. Сиыры 800 келіден, ал бұқасының салмағы бір тоннадан асады. Терісі өте жұқа, әрі өте жуас жануар.

Бельгиядағы ірі қара малдың басым бөлігі, яғни 1 млн сиыр қазір осы асыл тұқымнан. Оны өсіріп отырған 30 мың шаруа қожалығы жоғарғы сұрыпты етті сатудан қыруар пайда көріп отыр.

Люк ван Хейвт, Ауылшаруашылығы компаниясының басқарушы директоры:

Салмағы 600 келілік екі жасар бұқаны сойғанда 420 келі таза ет аласыз. Яғни, 70 пайызы таза ет. Ешқандай қалдық қалмайды. Мұны өсіру оңай. Біз қазір мына аукционға 250 сиырды сатуға шығардық. Екі жасар бұқаның құны 4500 еуро. Сатудан түскен қаражаттың 10 пайызы ракпен ауыратын балалардың қорына аударылады.

Асыл тұқымды малдың еті жұмсақ. Ақуыз бен көмірсуға бай. Майлылығы бар-жоғы 5 пайыз. Азықты аз жеп, есесіне тез көбейеді.

Марғұлан Баймұхан, Қазақстанның Бельгиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі:

Бұл сиырлар тәулігіне 1,5 келі ет қосады. Ешқандай химиялық қоспаларсыз, табиғи жем-шөп, сұлымен қоректенудің арқасында осындай нәтиже беріп отыр. Осы етті тұқымды біздің елде өсіруге ниетті бельгиялық делегацияның Қазақстанға сапарын мамырда ұйымдастырамыз.

Фермерлер, мал дәрігерлерінен құралған делегация Алматы, Ақмола мен Қостанай облыстарына сапарлайды. Бельгиялықтар асыл тұқымды көк сиырдың ұрығын Қазақстанға экспорттап қана қоймай, жергілікті шаруалармен фермаларды басқару, мал шаруашылығына жаңа технологияны енгізу тәжірибесімен бөлісуге ниетті.

Нұрсұлу Қасым


Хабарламаларға жазылу