Зеленский АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы мен қорғаныс министрімен кездесті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Зеленский АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы мен қорғаныс министрімен кездесті

25.04.2022

Вашингтон Украинаға, Орталық және Шығыс Еуропаға 713 миллион доллардың қаруын жөнелтуге уәде берді. Бұл мәлімет АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы мен қорғаныс министрі Киевке барып, президент Владимир Зеленскиймен кездескеннен кейін жарияланды.

АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы мен қорғаныс министрі Киевке барып, президент Владимир Зеленскиймен кездесті.

Американың бас дипломаты Энтони Блинкен мен Пентагон жетекшісі Ллойд Остиннің Украина астанасында Зеленскиймен жүздескенін «Ассоушиэйтид пресс» агенттігі хабарлап отыр. Бұған дейін Украина лидері Құрама Штаттардан Донбасстағы шайқас үшін ауыр қару сұрайтынын мәлімдеген еді. Қазір Киев осы мәселе бойынша Вашингтонға қысымды күшейтіп отыр.

Ресей армиясы зауытқа соққы берді

Киевті ала алмаған ресейліктер бүгінде Донбасстағы Луганк және Донецк облыстары үшін шабуылды үдетіп жатыр. Сонымен бірге Ресей армиясы Мариупольдегі мыңға жуық бейбіт тұрғын мен екі мыңдай украиналық жауынгер бекінген «Азовсталь» болат зауытына қайтадан әуеден соққы беріп, оны штурммен алуға әрекет жасап жатыр. Айта кетсек, өткен аптада президент Владимир Путин бұл зауытты шыбын өтпейтіндей етіп бұғаттауға бұйрық берген еді.

Арыстан Рысбек


Хабарламаларға жазылу