Аудандағы газет басылымдарын дамыту, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды баспанамен қамту, кәсіп бастағысы келетіндерге мемлекеттік көмекті күшейту. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаровпен кездескен Талғар тұрғындары осындай бұйымтайларын айтты. Азаматтардың базынасын тыңдаған ведомство басшысы аталған бағыттар бойынша тиісті жұмыстар атқарылып жатқанын және алдағы уақытта жалғасатынын жеткізді. Жиын барысында Асқар Омаров халықты министрліктің іске асырып жатқан жобалары, жұмыстары мен міндеттері жайлы құлағдар етті. Атап айтқанда, азаматтық қоғамды дамыту, үкіметтік емес ұйымдарды қаржыландыру, волонтерлік қызмет сынды бағыттардағы заңнаманы жетілдіруді тілге тиек етті. Одан бөлек, Талғарда жаңадан ашылғалы жатқан радиостанция мәселесі де жан-жақты талқыланды. Шарада БАҚ заңнамасына енгізілетін өзгерістер жайлы да айтылды.
Асқар Омаров, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:
Заң қандай болады, заңның ішінде не болады бәріміз отырып шешеміз. Бірақ, төрт бағыты айқын. Біріншісі - бәсекелестік, екіншісі - сөз бостандығы, үшінші - заманға сай болу керек, төртіншісі - жауапкершілік.
Нұрсұлтан Тілектесов