Жер және оның қойнауы, су, өсімдіктер және жануарлар әлемі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі. Мемлекет халық атынан меншік иелігін жүргізуге құқылы. Мемлекет басшысы конституцияның 6-бабын осылай өзгертуді ұсынды. Ақордада Президенттің төрағалығымен Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде кеңес өтті. Жұмыс тобы қажетті түзетулерді әзірледі. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл өзгерістердің нақты әрі толық түсінік болу үшін осы модель мен үдерісті Екінші республика ретінде белгіледім деп атап өтті. Жаңа парадигмаға сәйкес Президенттің өкілеттігі қысқарады, Парламент пен мәслихаттардың рөлі айтарлықтай күшейеді. Азаматтардың қатысуы едәуір артып, құқық қорғау саласы жүйелі түрде нығаяды. Мемлекет басшысы адам құқықтарын қамтамасыз етуге қатысты түзетулердің маңызы зор екенін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік органдардың сылбыр жұмыс істеуіне жол берілмейтінін тағы да еске салып, соңғы үш жылда еліміздегі және әлемдегі жағдайдың түбегейлі өзгергенін айтты. Мемлекеттік аппарат кез келген өзекті мәселеге жедел, дер кезінде назар аударуы керек. Сондықтан Жұмыс тобы ұсынған түзетулер Үкіметке ерекше актілерді қабылдауға мүмкіндік береді. Мемлекет басшысы бұл дағдарыс кезінде жедел әрекет етуді қамтамасыз ететінін айтты. Осы орайда, Парламенттің қарқынды жұмыс істегені өте маңызды. Депутаттар қос палатаның бірлескен отырысында заң жобаларын шұғыл қарауы керек. Жалпы, мен Жұмыс тобы дайындаған барлық өзгерістер мен толықтыруларды мақұлдаймын, – деді Мемлекет басшысы.
Шерхан Жамбылұлы