Ауғанстанның түрлі бөліктерінде болған төрт бірдей жарылыстан ондаған адам қаза тапты. Мазари-Шариф қаласындағы мешітте болған бірінші жарылыстан 30 адам қаза тауып, 90-ға жуығы жараланған. Айта кетері - бұл қасиетті орынға негізінен хазарлар көп барады. Бұл шабуылға жауапты «Даиш» тобы өз мойнына алды. Тәліптер радикалдық топты жеңдік деп мәлімдегенімен, олар ел қауіпсіздігіне нұқсан келтіріп отыр. Қалған үш жарылысты кімдер ұйымдастырғаны белгісіз. Құндыз қаласында полиция бөлімшесі жанында көліктің күлі көкке ұшып, 4 адам қаза тапқан. Жараланғандар бар. Ал, Нангархар провинциясында тәліптер мінген көлік жарылған. Кабул аудандарының бірінде болған төртінші жарылыста екі бала зардап шекті. Ал, бұдан бірнеше күн бұрын қаланың шиитер тұратын ауданындағы мектепте бірден екі бомба іске қосылған еді.
Арай Төлегенқызы