Мемлекеттік күзет қызметіне 30 жыл - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекеттік күзет қызметіне 30 жыл

21.04.2022

Мемлекеттік күзет қызметіне 30 жыл. Айрықша дайындық, ерекше білім мен біліктілікті талап ететін құрылым өзіне жүктелген міндеттерді абыроймен атқарып келеді. Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтулы датаға арналған іс-шараға қатысты.

Мемлекеттік күзет қызметі көпшілік жақсы біле бермейтін ұйым. Мұнда сайдың тасындай іріктелген, озық оғыландар қызмет етеді. Басты талап – кәсібилік. Президент Мемлекеттік күзет қызметінің жұмысымен танысты. Құрылымның ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйесінде аса маңызды рөл атқаратынын, күзет қызметкерлеріне айрықша жауапкершілік жүктелгенін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Ел басшылығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, стратегиялық нысандарды, сондай-ақ шетелден келген мәртебелі меймандарды қорғау оңай жұмыс емес. Сіздер осы міндетті абыроймен атқарып келесіздер. Бұл 30 жыл ішінде қалыптасқан игі дәстүр, сабақтастық екені сөзсіз. Бүгінде Күзет қызметінің әлеуеті орасан зор. Жауынгерлік техникалық және жедел әрекет ету мүмкіндіктері мол.

Мұндағы мамандардың әрқайсысы елдің ішкі саяси жағдайын да, халықаралық ахуалды да жақсы меңгерген. Антқа адал. Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі геосаяси жағдайда Мемлекеттік күзет қызметінің түрлі сын-қатерлер мен қауіптерге дер кезінде төтеп беру мүмкіндігінің аса маңызды екеніне тоқталды. Сонымен қатар, жеке құрамның білімі мен біліктілігін одан әрі дамытып, мемлекеттік күзеттің бүкіл жүйесін жетілдіру қажеттігін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Шын мәнінде, Мемлекеттік күзет қызметін нағыз патриоттардың ұжымы деуге болады. Ең жауапты сәтте Отан үшін аянбай, адал қызмет етіп келесіздер.Мемлекеттік күзет қызметі - ерекше құрылым. Сондықтан оған қойылатын талап та әрқашан жоғары болмақ. Сіздер жүктелген міндетті шұғыл әрі тиімді атқарады деп сенемін. Мінсіз қызметтеріңіз үшін баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін.

Президент сала қызметкерлерінің еңбегіне табыс тілеп, бірқатарын мемлекеттік наградалармен марапаттады. Атап айтқанда І және ІІ дәрежелі «Айбын» ордендері, «Жауынгерлік ерлігі үшін» медальдары табысталып, Президенттің Алғысы жарияланды. Қасым-Жомарт Тоқаев марапаттау рәсімінен кейін мерекелік концертті тамашалады.

Дарын Сағитов


Хабарламаларға жазылу