Түркістан облысында мемлекеттік қызметке іріктеу жеңілдетілмек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында мемлекеттік қызметке іріктеу жеңілдетілмек

21.04.2022

Түркістан облысында мемлекеттік қызметшілер жетіспейді. Мәселен, Сарыағаш ауданында әрбір мемлекеттік қызметкерге мыңға жуық тұрғыннан келеді. Ал, Арыс қаласында 44 мың адамға жеті маман ғана бөлінген. Оның өзінде төртеуі бір жылдан бері уақытша қызметінен шеттетілген. Саладағы өзекті проблемалар Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаевтың қатысуымен өткен жиында талқыланды. Облыс активімен кездескен агенттік төрағасы қазіргі жүргізіліп жатқан реформаларды оңтайлы жүзеге асыруды, көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің тиімділігін арттыру қажеттілігін алға тартты. Мемлекеттік қызметке іріктеуді жеңілдету бойынша жасалып жатқан бірқатар ұсыныстарға тоқталды. Сондай-ақ, Түркістан мен Кентау қалаларында және Ордабасы ауданында азаматтармен кездесіп, арыз-шағымдарын тыңдады.

Дархан Жазықбаев, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы:

Мемлекеттік қызмет көрсету сапасы бойынша мәселелерді талқылау, қандай көкейкесті ойлар бар және халықты қабылдап, осы мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасына көңілдері тола ма, толмай ма осы мәселелерді біржақты ыңғайлап соны зерттеу, қарау. Өңірдегі көтерілген мәселелерді орталықта талқылап, қандай нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер енгізуге болатынын сол мәселелерді пысықтауға келіп отырмыз.

Дархан Жазықбаев сапары аясында Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің оқытушы, профессорлар құрамымен және жас мемлекеттік қызметшілер мектебінің студенттерімен кездесті. Жастарға мемлекеттік қызметке орналасудың жолдарын түсіндірді. Өңірдегі мемлекеттік қызметшілердің 500-ден астамы осы оқу орнының түлектері.

Айнұр Ақбаева


Хабарламаларға жазылу