Елімізде бизнесті дамыту үшін әр өңірдің өзінің жеке бағдарламалары пайда болады. Бұл туралы бүгін «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының жиынында айтылды. Оған 100-ден астам бизнесмен қатысып, саладағы түйткілді мәселелерді талқылады. Әсіресе Ресей-Украина арасындағы жағдай жығылғанға жұдырық болды. Пандемиядан кейін ес жия бастаған бизнесмендер тауар тасымалының қиындап, қымбаттағанын айтып отыр. Тіпті көрші ел ағаш пен мақта экспортына шектеу енгізгендіктен отандық жиһаз өндірушілер шикізат тапшылығына тап болған. Ал медициналық мақта мен мәрлі шығаратындар өзге нарыққа ауысып жатыр.
Аслан Құнияров, кәсіпкер:
Мысалы, Өзбекстан. Мақтаны сол жақтан алайық деп жатырмыз. Жақында өзбектер келіп, өз өнімдерін осында тапсырып көмектесті. Бірақ ол уақытты алады. Жаңа өнім, жаңа өндірістің келуінің уақыты, қаражаты, документациясы мен бюрократиялық жұмыстар бар.