Павлодардағы мектепте тұтанған өрт сөндірілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодардағы мектепте тұтанған өрт сөндірілді

21.04.2022

Павлодардағы №28 мектепте тұтанған өрт сөндірілді. Қызыл жалын 1200 шаршы метрге жуық аумақты шарпыған.

Төрт қабатты ғимараттың шатыры мен екінші қабаты жанған. Мектеп басшылығы өрттің физика кабинетінде тұтанғанын жеткізді. Жалынды мұғалім өз күшімен сөндірмек болғанымен, онысынан ештеңе шықпаған. Осыдан кейін оқушылар мен мұғалімдер, барлығы 576 адам сыртқа шығарылды. Облыстық Денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, 1975 жылғы мұғалім, ыстан уланып, ауруханаға жатқызылған. Ал Төтенше жағдай мамандары өрттің шығу себебін тексеруге кірісті.

Қайрат Шаймарденов, облыстық ТЖД бастығының орынбасары:

Өрт шыққаның кеш байқаған. Соның салдарынан жалын күш алып кетіп сөндіру қиынға түсті. Біздің болжамға қарағанда мектеп ұжымы бірден біздерге хабарламай өздері сөндіріп алуға әрекет жасаған. Тексеру басталды. Басқадай мәлімет айта алмаймын.

Айта кету керек, өткен аптада ғана облыс орталығында тағы бір мектеп жанған болатын. Бұл екі білім ошағы да өткен жылы «Заманауи мектеп» жобасы бойынша күрделі жөнделген. 2021 жылы осындай 6 мектептің іші-сыртын бүтіндеп, техника, жиһазын жаңарту үшін бюджеттен 4 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. Кейбір деректерге қарағанда, сәуір айының басынан бері құқық қорғау органдары оларға бөлінген қаржының қаншалықты мақсатты жұмсалғанын тексеріп жатыр.

Болат Аманбаев


Хабарламаларға жазылу