Ұлттық қордан алынатын қаражат 1 триллион 630 миллиард теңгеге артып, 4 триллон теңгеден асатын болды. Бүгін Мәжілісте «2022 – 2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заң қаралды. Кепілдендірілген трансферт ретінде бөлінетін қаржы халықтың табысын арттыру, жаппай жұмыспен қамту, әлеуметтік төлемдерді индекстеу, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жұмсалады. Биылғы жылдың республикалық бюджетін қайта қарауға сыртқы экономикалық, геосаяси және мұнай нарығындағы жағдай себеп болды. Жалпы, алғанда биыл ел қазынасына 10,2 трлн теңге кіріс түседі деп болжанып отыр.
Ерұлан Жамаубаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары - қаржы министрі:
Бұл қаражаттың өзі жетпей жатыр. Біз салықтық жүктемені, бизнеске, одан ары көтеруді жөн деп санамаймыз. Себебі, қазіргі жағдайда бизнес әрең жұмысын атқарып жатыр. Сондықтан біз осы қаражатты ұлттық қордан трансферт ретінде алып, депутаттардың алдына ұсындық.
Осылайша, биыл Ұлттық қордан алынатын ақша 4 трлн 30 миллиард теңгеге жетті. Депутаттар кейбір министрліктер қаржыны тиімсіз жұмсайтындарын сынға алды. Ақша бөлінбегендіктен өңірде шешімін таппай тұрған өзекті мәселелерге тоқталды. Отырыс соңында 2022 – 2024 жылдарға арналған бюджет және трансферт туралы заң жобаларына түзетулер енгізуді мақұлдады.
Ерлан Қошанов ҚР Парламенті мәжілісінің төрағасы:
Бүгін біз өте маңызды заң жобасын қабылдадық. Бөлінетін қаржы мемлекет басшысының тапсырмасын және жолдауында жарияланған реформаларды жүзеге асыруға бағытталған. Бір ғана мысал, өңірлердегі ауыз су, тұрғын үй сияқты қордаланған мәселелерге бүгінгі бюджетте 476 миллиард теңге бөлінеді. Бұл қаражаттың нәтижелі және тиімді жұмсалуын қадағалау біздің, яғни депутаттардың басты міндеті.
Берік Көшербай