Алматыда былтыр бір жыл ішінде мопедтердің қатысуымен 276 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 5 адам қаза тапты. 300-ге жуығы түрлі дене жарақаттарын алған. Сарапшылар бұл статистиканың жыл сайын артып жатқанына алаңдаулы. Олар тәртіпке бағынбаған жүргізушілерге жауапкершілікті қатаңдату керек дейді.
Берік Нұрәлиевті мопедпен кел жатқанда көлік қағып кеткен. Жеңіл-желпі жарақат алыпты. Жұмысы қауіп-қатерге толы болса да екі дөңгелекті көлікпен жүруге мәжбүр. Себебі, жеткізу қызметінде жұмыс істейді. Айтуынша, мопедтердің қатысуымен жол-көлік оқиғасының жиілеуі, жүргізушілердің бірін-бірі түсінбеуінен.
Қатты жүрмегені үшін менсінбейді. Тез басым озамын деп кетіп қала береді. Сол кезде авария болады. Бізде екі дөңгелекті болғаннан кейін қатты басқан кезде кішкене қысып кетсе, рөлді бұрған кезде сразу құлай салады. Бізде төрт дөңгелек емес қой. Не оң жаққа, не сол жаққа құлайды.
Қазір мегаполисте мопедтердің саны көбейген. Сол себепті тәртіп сақшылары жиі рейд ұйымдастырып келеді. Мәселен, жыл басынан бері жол қозғалысы ережесін бұзғаны үшін мопед тізгіндеген 38 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Аян Бақытов, қалалық ПД басқармасының аға инспекторы:
Бүгінгі күні Алматы қаласы бойынша мопед және скутер жүргізушілеріне түсіндіру жұмыстары жүріп жатыр. Жыл басынан бері Алматы қаласы бойынша 67 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, оның ішінде 72 адам дене жарақатын алған. Жол жүру ережесін күрделі бұзған демек, бас киімсіз, бағдаршамның түстерін сақтамау, жаяу жүргіншілерді кесіп өту жиі тіркелуі себебінен, қазіргі уақытта әрбір жүргізушімен жүргізілуде.
Тәуелсіз автомобиль одағының төрағасы Эдуард Эдоков мәселенің басты себебі – мопед санының артуымен байланыстырады. Сондай-ақ, ереже бұзғандарға салынатын айыппұл көлемін арттыру қажет деген пікірде.
Эдуард Эдоков, Тәуелсіз автомобиль одағының төрағасы:
Нақты ұсыныстарға келер болсақ, мопедтер мен самокаттарға сұраныстың артуына байланысты заң жүйесіне өзгерістер еніп үлгере алмай жатыр. Мәселе күн тәртібінде тұр. Сондықтан уақыт оздырмай осы сала сарапшыларының басын қосып, дөңгелек үстел ұйымдастыру керек. Сол жерде заң жүйесіне енгізілуі тиіс ұсыныстарды топтастырып, шешімдер қабылдау қажет деп ойлаймын.
Қазір Қазақстанда қозғалтқыш көлемі 50 текше сантиметрге жетпейтін мопедтер велосипедпен тең, яғни оны айдау үшін жүргізуші куәлігі қажет емес. Сарапшылар мәселе шешілу үшін жауапкершілікті арттырып, заңды қатаңдату қажет деген пікірде. Сол кезде жол-көлік оқиғасы біршама азаяр еді дейді.
Қуан Нұрақын