Бүгін Мәжілісте кибербуллинг бойынша Сенат енгізген түзетулер қаралып, бала құқығын қорғау туралы заң мақұлданды. Бұған дейін хабарлағанымыздай, сенаторлар құжаттағы кейбір баптарды өзгертуді ұсынған. Атап айтқанда, балаға кибербуллинг жасалды деген арызды сарапшылар тобы қарау керек деп пікір білдірді. Сондай-ақ, ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне интернет-ресурс, әлеуметтік желі мен мессенджерлердің жұмысын шектеу немесе тоқтату құқығын толық бермеуді ұсынған. Яғни, уәкілетті орган тек балаға қатысты кибербуллинг деп танылған ақпаратты ғана жоя алады. Осы заңды әзірлеуге қатысқан мәжіліс депутаттарының пайымынша, қайта қаралған заң жобасында барлық тараптың пікірі ескерілген.
Айдос Сарым, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
«Win-win situation» деген ағылшынның сөзі бар, яғни барлық тарап өзін жеңімпаз деп есептей алады деген. Менің ойымша, осы тақырып бойынша алаңдаған азаматтар өзіне тиісті, қажетті әңгімесін естіді. Бірақ, ең бастысы олар емес, ең бастысы Қазақстандағы миллиондаған балалардың, оқушылардың қорғалу механизмінің қалыптасуы.
Берік Көшербай