Мемлекет басшысы археолог-ғалым Виктор Зайберттің жақындары мен туыстарына көңіл айту жеделхатын жолдады. «Виктор Федорович бүкіл саналы ғұмырын археологиялық және қазба жұмыстарына, дала өркениетін зерттеуге арнады. Атбасар және Ботай мәдениеттерінің бай мұрасы туралы бірегей жаңалықтардың мәні мен маңызы, қазіргі Қазақстан аумағында жылқыны қолға үйрету және өсіру жөніндегі құнды деректер, археолог ғалымның атымен тікелей байланысты. Виктор Зайберт артына құнды ғылыми мұра қалдырды. Ол әріптестерінің арасында зор беделге ие болды. Сондай-ақ жас ғалымдарға үлгі-өнеге көрсетті», – делінген жеделхатта. Бүгін «Абай» арнасы 19:30-да көрерменге белгілі ғалым туралы деректі фильм ұсынады.
Зейнолла Самашев, археолог, тарих ғылымдарының докторы:
Виктор Федорович - заманауи Қазақстанда археология саласына елеулі үлес қосқан көрнекті жан. Бұрыннан жақсы танимын. Ол әсіресе жабайы жылқы төңірегіндегі көптеген даулы зерттеулердің нүктесін қойды. Ол 5000 жыл бұрыңғы тарихтың тамырына қан жүгіртті.