Еуроаймақ елдерінде инфляция деңгейі 7,5 пайызға жетті. Бұл соңғы 25 жылда болмаған рекордтық көрсеткіш. Бұған газ бен электрэнергиясының күрт қымбаттауы себеп. Салдарынан тұтыну тауарлары, азық-түлік құны шарықтап кетті. Бағаның қымбаттауы халықтың қалтасына салмақ түсірді.
Ковидтік шектеулерден кейін «қалыпты өмірге оралдық»-деп қуанған халықтың көңілі су сепкендей басылды. Инфляцияның кесірінен алдымен жарық, жанар-жағар май қымбаттады. Енді, азық-түлік құны бірден 5 пайызға көтерілді. Соңғы рет, «мұндай қымбатшылық 1983 жылы болған»-деп күрсінеді, бельгиялық Крис.
Крис Людвин, Брюссель қаласының тұрғыны:
Мына кішкентай арба затқа 175 евро төледім.Бұрын екі есе аз төлейтінмін. Жаппай қымбатшылық. Ұн, өсімдік майы жоқ. Украина соғыстың кесірінен бізге жеткізе алмай жатыр дейді. Сөрелер бос тұр.
Бағаның шарықтауы тұтынушының сатып алу қабілетін төмендетіп, кедейлердің санын көбейтті-дейді сарапшылар. Соңғы екі аптада әлеуметтік орталықтардан тегін азық-түлік алуға тапсырыс бергендердің саны артқан.
Ник Де Смед, Азық-түлік тарату орталығының үйлестірушісі:
Әлеуметтік орталыққа тіркелген көмекке зәру отбасыларға күніне екі келі көкөніс беріледі. Бір жылға бір адамға 25 келі жеміс-жидек тиесілі. Ұн, макарон өнімдерінің де бірнеше данасын алуға болады.
Пьер Мори, Брюссель қаласының тұрғыны:
Менің айлығым түкке жетпейді. Ет жемегеніме алты ай болды. Бірақ, осы жерден етттен басқа азық-түлікті тегін алып, жан бағып отырмын.
Жергілікті супермаркеттер де кедейлерден көмектерін аяп жатқан жоқ. Мынадай сатылмай қалған пицца, шұжық пен жарамдылық мерзімі әлдеқашан өтіп кеткен торт, тәттілер, жәшік-жәшік сусындар да солар үшін. Тұрмыстың тауқіметін тартқандарға тегін тамақ болса болды, сапасы маңызды емес.
Нұрсұлу Қасым, тілші:
Жалпы, бүгінде Еуропалық Одақ елдерінде 97 млн адам кедейшіліктің кебін киіп отыр. Яғни, әр жетінші адамның қаржылық жағдайы қиын. Сарапшылар жыл соңына дейін инфляция деңгейі 10 пайызға жетеді-деп болжап отыр. Демек, айлығы шайлығына жетпей, қайырымдылық орталықтарының көмегіне жүгінетіндердің қатары көбеймесе азаймайтыны анық.
Нұрсұлу Қасым