Алакөл ауданында биыл 85 мың гектар алқапқа дән себілмек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алакөл ауданында биыл 85 мың гектар алқапқа дән себілмек

18.04.2022

Алматы облысында егіс науқаны қызды. Өңірдегі диқандардың жер жыртып, дән себуіне күн райы да қолайлы болып тұр. Алакөл ауданының биылғы егістік көлемі 85 мың гектардан асады. Оның тең жартысы дәнді-дақылдар. 

Алакөл ауданындағы Үйгентас өңірі егістігінің басым бөлігі тәлімді жерлер. Яғни мұндағы шаруалар ылғал сақтау технологиясын қолданып қана мол өнім алуға тырысады. Жазылбеков серіктестігі биыл 3 мың гектарға арпа-бидай, күнбағыс себуге кірісті. Мұнан бөлек былтыр 1300 гектарға күздік бидай егіп қойған. Таулы аймақ болса да қыста қар қалың болмады. Сондықтан биылғы қуаңшылық өнім көлеміне әсер етпей қоймайды, деген болжам бар.

Асқар Жазылбеков, серіктестік директоры:
Құрғақшылық жылдары біз бәрібір былтыр 12 центнерден алдық. Орта есеппен алғанда 12 центнер.  

Қуаңшылық болуы мүмкін деген аудандағы суармалы алқапты игерген шаруалар да ерте қамдануда. Өзен, канал арналарын тазартып, арықтарды ретке келтіруге кірісті. Мұндағы суармалы егістік көлемі 32 мың гектар. Ынталы магистралінің 6 шақырым арнасы тазартылса, 2 мың гектарға тіршілік нәрі кедергісіз бармақ.

Былтырғы қуаңшылық жалпы облыс бойынша егіс көлемі мен дақыл түрлеріне түзетулер енгізді. Биыл да қант қызылшасы мен суды мол қажет ететін дәнді және майлы дақыл алқаптары едәуір азайды.

Қуаныш Қанатұлы


Хабарламаларға жазылу