Иә, «аграрлы сала - ел экономикасының драйвері. Әсіресе ғылымға көңіл бөлу арқылы ауыл шаруашылығы өнімдерін көбейтуге болады». Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов Қазақ агротехникалық университетінің қызметкерлерімен кездесуінде осылай депті. Ғылымды дамыту маңызды екенін үкімет те, сіз бен біз де білеміз. Арнайы мереке де белгілеп қойдық. Бірақ ғылымымыздың хәлі әлі де мүшкіл. Себебін білу үшін материал әзірледік. Оған кейінірек тоқталамыз. Әзірге осы аптадағы Үкімет отырысынан бір маңызды мәлімет. Биыл бірінші тоқсанда бірқатар министрлік 20 млрд теңгені игере алмаған. Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, бұған шарттарды ұзақ әзірлеу, шоттардың кеш ұсынылуы секілді құжаттарды рәсімдеудің созылып кетуі себеп. Бір сөзбен айтқанда, баяғы ауруымыз – бюрократия. Осы қағазбастылық барлық саладағы жұмысты тежеп, көп проблеманың дереу шешілуіне қолбайлау болып тұр.
Ал енді шенеуніктер «талап сондай» деп, бір есіктен екінші есікке сілтеп, сансыз құжатпен сандалтып қоя алмайды! Қасым-Жомарт Тоқаев бюрократиядан арылу жөніндегі Жарлыққа қол қойды. Бұл дегеніміз - қағаз жүзіндегі құжат айналымын қысқарту ғана емес, мемлекеттік басқарудың барлық салаларына трансформация жасау.Президент әкімшілігі алдымен өзінен бастамақшы. Ондағы барлық тапсырмаға толық ревизия жүргізіліп, ішкі жұмыс қайта қаралады. Лауазымды тұлғалар бюджет қаржысына байланысты құжаттарға қол қоймаудың түрлі амалын табады. Осылай жауапкершіліктен жалтарады. Енді Президент жарлығына сәйкес басқарушылық жауапкершілік қағидаты енгізіледі. Яғни, мемлекеттік органдар сын-қатер кезінде орталықтан тапсырма күтпей, өздері де шешім қабылдауы тиіс. Барлық салада жұмыс цифрлық кеңістікке өтеді. E-Otinish жүйесі азаматтардың арыз-тілегін қабылдайтын «бір терезеге» айналуы тиіс. Құжаттарды қарау, шешім қабылдау мерзімі екі есе қысқарады.
IT саласының маманы Тимур Бектұр бұл құжаттың қаншалықты маңызды екенін қарапайым тілмен былай түсіндіреді: «Президент Тоқаев біздің қанша жылдан қақсап жүрген мәселемізді алды да бір күнде шеше салды. Яғни, Дебюрократизация, Емайлды ресми коммуникация құралы ретінде мойындау, Қағазбастылықты жою, Мемлекет өзінің мәліметін азаматтан сұратып, оны қағазға бастырып келесі мемлекеттік ұйымға апарып жүру секілді абсурд әрекеттерді доғару».
Яғни, шалғай ауылдардағы ағайынның мәселесі де жылдамырақ шешілуі тиіс. Өйткені қазір қаржы мемлекеттік мекемелердің кабинетін аралап, діттеген жеріне жеткенше түрлі өткелден өтеді. Бір бөлігін жеп қоятындар да кездесуі мүмкін. Сөйтіп, жырым-жырым болған қаражат жеткенше, проблема да жырға айналады.
Берік Беркімбаев, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары:
16 мыңға жуық қызмет алуға келген азаматтардың өтініші негізсіз уақытын созып, әуре-сарсаңға салған фактілері анықталып отыр. Осыған қосатын тағы бір мәселе ол – артық заңда көрсетілмеген құжаттарды сұратады біздің мемлекеттік мекемелер. Қолдан кедергі жасап отырған фактілер 3 жылда 130 мыңға жетті.
Бекболат Молдабеков, ҚР Көрсетілетін мемлекеттік қызметтер комитеті төрағасының орынбасары:
Енді екі-үш мемлекеттік органдарға мен жүгірмеймін, очередте тұрмаймын. Банк мен үшін ақпаратты жинайды. Сосын шешім қабылдайтын кезде ғана келіп, қолымды қойып кетемін. Сол үшін жасалады. Ол негізі үлкен ІТ дәреже деп санаймын.