Жамбыл облысында бүтін бір ауыл қоқыстан зардап шегіп отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбыл облысында бүтін бір ауыл қоқыстан зардап шегіп отыр

15.04.2022

Жамбыл облысында бүтін бір ауыл қоқыстан зардап шегіп отыр. Жуалы ауданындағы тұрмыстық қалдықтар төгетін полигонның кесірінен жиған малы қырылып, жайылымы ластанған тұрғындар көмекті кімен сұрарын білмей отырғандарын айтты. 

Нұрдос Болатұлы, тілші:

Бұл - Жуалы ауданы Дихан ауылының маңы. Осыдан 3 шақырым жерде қоқыс төгу полигоны орналасқан. Ал өздеріңіз көріп тұрғандай егістік алқап целлофан пакеттер мен пластамас құтыларға толып қалған. Мұны жеген малдар да қырылып жатқан көрінеді.

Еркінбек Тойшыбеков, ауыл тұрғыны:
Мал қырылып жатыр. Биылдың өзінде 4 бұзау өлді. 

Еркінбек Тойшыбеков жылда ауыл шетіндегі егістік алқабына жоңышқа егеді. Алайда соңғы 3-4 жылда егінді ору мен төрт түлікті өріске жіберу мұңға айналғанын айтады. Желмен ұшып, жайылымды ластаған полиэтиленді пакеттермен қоректенген малымыздың еті мен сүтінен, түрлі ауру табамыз ба деп қорқады. Ал, әкімдік өкілдері осы қоқыс төгу алаңын салмас бұрын, мүлде басқаша әңгіме айтқан еді, дейді - тұрғындар.

Полигон 2018 жылы салынған. Жоба бойынша онда сұрыптау кешені болуы керек екен. Сонымен қатар, әр келген жүк көлігін жазып, қалдық салмағын өлшейтін күзетшінің отыруы да шарт. Алайда қоқыс алаңы қараусыз қалғандай кейіпте. Тірліктің тұралап қалғаны да, жергілікті бюджеттен ақшаның бөлінбей отырғандығынан деп ақталды жауапты мекеме өкілі.

Мырзахмет Сәрсенқұлов, «Жуалы-су» мекемесінің өкілі:
Қалдықтар өңдейтін, тазалайтын, реттейтін мекемемен келісімшартымыз бар. Өздері келіп сортировка жұмыстарын жүргізеді. Солардың аппаратуралары тұрған бізде. Қазір енді қаражат қарастырылып жатыр. Соған байланысты тұрып қалды.

Жалпы өңірде коммуналдық меншіктегі 158 полигон бар. Зерделеу жұмыстары нәтижесінде оның 61-нің арнайы қоршауы жоқ екені анықталған. Оның ішіне осы Жуалы ауданынан 4 қоқыс алаңы кіреді.

Шапағат Лес, Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бас маманы:
Бізде полигондардың барлығы қоршалған. 2021 жылы 61 полигонға траншея қазу арқылы қоршау жұмыстары жүргізілді. Полигонда міндетті түрде күзетші болуы керек.  Келген жүк көліктерінен қоқыс салмағын өлшеп, дәптерге түсіріп отыруы шарт.

Иә, қоқыс алаңының орналасқан жері заңды. Яғни, елді-мекеннен 1 шақырым асса болды салуға рұқсат бар. Бұл Мамандардың сөзі. Ал, тұрғындар полигонда қоқысты көму әдісінен бөлек өзге де талаптардың сақталмай отырғанын айтады. Сондықтан жауаптылардың бұл ісіне бір шара қолданылса екен дейді.

Нұрдос Болатұлы


Хабарламаларға жазылу