Жылу электр қондырғыларының 70 пайызы ескірген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жылу электр қондырғыларының 70 пайызы ескірген

15.04.2022

Елімізде орталықтандырылған жылу электр станцияларының 70 пайыздан астамы ескірген. Қазір жұмыс істеп тұрған 37 орталықтың 28-і жарты ғасыр бұрын салынған. Тозығы жеткен ол орталықтарда апатты жағдайлар жиілеген. Петропавлдағы адам өмірін қиған апаттан кейін, барлық энергетикалық ұйымдарды бақылау күшейтілмек. Қазір, қондырғылардың жағдайы жіті тексеру үшін заңға өзгеріс енгізу ұсынылды. 

Қазір елдегі 37 жылу орталықтарының жиырмадан астамы жеке меншікте. Олардың қауіпсіздігіне жергілікті әкімдік жауапты. Сарапшылар қолданыстағы заңда кейбір мәселер қамтылмаған дейді. Осы олқылықтар орнына келмей апатты жағдайлардың алдын алу мен қондырғыларды жаңғырту қиынға түсепек.

Жақып Хайрушев, энергетика саласының сарапшысы:
Қолданыстағы заң үш –төрт мәрте өзгерді. Онда барлық функциялар жалпы қамтылып кеткен. Бүгінде жылумен қамтуға бөлек заң қабылдау қажет екенін соңғы оқиғалар дәлелдеп отыр.

Теріскейде болған апаттан кейін министрлік жанынан арнайы жұмыс тобы құрылды. Олар ел аумағындағы барлық нысандарды тексереді. Алайда, бизнесті дамыту үшін кедергілерді азайтуға арналған реформа толық тексеруге мүмкіндік бермейді. Сол үшін тиісті заңға өзгеріс енгізу ұсынылды. Онда мемлекеттік органның бақылау функцияларын күшейтуге басымдық берілді, дейді - мамандар.

Әсет Әкімжанов, Атомдық және энергетикалық бақылау комитетінің басқарма басшысы:
Пайдалану нұсқаулары, қауіпсіздікті сақтау нұсқаулары да тексерілген жөн болады. Тексеру парағымен шектелмеу керек. Яғни біз нормативтік құқықтық актілерді ғана емес, атап кеткен өндірістік, нұсқауларды да қарауға тиіспіз.

Енді энергия өндіруші ұйымдарға ауқымды технологиялық аудит жүргізу жұмыстары аяқталса, электр станцияларын жаңғырту жұмыстары басталады. Ол үшін арнайы жылу электр орталықтарын толықтай жаңарту бағдарламасы әзірленбек. Әрі жөндеуге мүлде келмейтін орталықтардың жұмысын тоқтату да қарастырылады.

Сәбит Әлдебай


Хабарламаларға жазылу