«Лас су ішіп, ауруға шалдығатын болдық!». Қостанай облысының Аманкелді ауданына қарасты Құмкешу ауылының тұрғындары арнамызға осындай шағымдарын айтты.
Гауһар Сүлейменова құбырдан аққан суды алдымен сүзіп, қайнатып барып қана пайдалануға болатынын айтады. Соның өзінде дәмі кермек татиды. Осының салдарынан үйдегі бала-шаға жиі ауырады, дейді.
Гауһар Сүлейменова, ауыл тұрғыны:Шәйнектің түбі сап-сары, ожаудың түбі сары болады. Бала ішіп жатыр бірақ. Анау бәктердің іші жаман болады. Мына шаштың өзін ашпайды. Шаш киіз сияқты боп тұрады.
Құмкешуге су тарату қондырғысы 2011 жылы тұрғызылыпты. Бастапқы кезде талапқа сай келгенімен, кейін сапасы бұзыла бастаған. Бес жыл бұрын мүлде нашарлапты. Түсі сары, дәмі ащы. Сондықтан жағдайы бар тұрғындар тоннасын мың теңгеден сатып алып, тасымал суды тұтынады. Шамасы жеткендер өз күшімен өзеннен әкеледі.
Кенжебек Бегалов, ауыл тұрғыны:Осы судан көп адам ауырып жатыр. Бүйрекке тас байланады. Жастар, үлкен кісілер жағы да көшіп жатыр. Себебі осы судың өзі әр үйге кіргізілмеген. Жағдай жоқ. Сондықтан оларға қала жақсы.
Ауыл әкімі су сапасының бұзылуы оны алатын ұңғымадағы қордың азаюынан дейді. Яғни, суы азайған соң тұзы мөлшерден тыс көбейіп, қатты ластанған. Оны талапқа сай тазартуға қондырғыдағы сүзгілердің қуаты жетпейді. Сондықтан құбырды басқа жерден тарту үшін 86 млн теңгеге жоба жасалыпты.
Асылан Исмайылов, Құмкешу ауылдық округінің әкімі:Әлімбайдан Қамысбай су берілетін орнына дейін төрт шақырым болады. Оның қоры жеткілікті деп бізге сараптама қортындысы берілді. Байғабылға да, Құмкешуге де жетеді күші.
Алайда 2020 жылы жасалған жобаның биыл мерзімі бітеді. Енді оны қайта дайындау қажет. Сондықтан 600-ге жуық тұрғыны бар Құмкешуге қашан сапалы су тартылары әзірге белгісіз.
Дәуренбек Әбдібек