Ойыл өзенінде тасқын қаупі сейілген. Миялы ауылының іргесіне келген су деңгейі бір метрге дейін түсіпті. Тасқын судың арнасы бұрылды.
Жандос Темірғали, тілші:Қауіп сейілді дегенмен су әлі де келіп жатыр. Қазір аудан тұрғындары үшін тәулік бойына үзіліссіз жұмыс істетін жедел желі іске қосылды. Өткен түн құзырлы орган өкілдері мен ауыл тұрғындарына қиынға соқты. Өйткені екпіні қатты қызыл су үйлерге жақындап бір қорқытты. Дер кезінде қосымша бөгеттер салынып, апатқа жол берілмеді. Оған 3 жарым мың тоннадай инертті материал жұмсалды. Кешегі ақпаратта жауаптылардың Миялы-Қарабау-Индер облыстық маңыздағы жолын жыруға мәжбүр болғанын айтқан едік. Соның нәтижесінде жиналған су біртіндеп Қамыскөлге құйылып, тіршілік нәріне зәру Тайсойған ауылына қарай бағыт талды. Әзірге зардап шеккендер мен бүлінген нысандар жайлы ақпарат жоқ. Арнайы штаб жағдайды қатаң бақылауда ұстап отыр. Қызылқоға ауданда жарияланған төтенше жағдай әлі де күшінде. Жолды жырғаннан кейін 6 шағын ауылмен қатынас үзілді. Бірақ, қазір бір дана резеңке қайық бөлініп, аудан орталығында қажеттілігі бар тұрғындарды тасымалдап жатыр. Айта кеткен жөн, қатынас үзілген ауылдың тұрғындары көршілес жатқан аудандарға кедергісіз қатынауда.
Жандос Темірғали