Елде қант тұтыну көлемі артты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елде қант тұтыну көлемі артты

14.04.2022

Ал соңғы жылдары елде қантқа сұраныс еселеп артқан. Яғни тұтыну көлемі көп. Салдарынан қанттан болатын ауру түрлері де көбейіп келеді. Дәрігерлер дабыл қағып отыр, тіпті қантты пайдалану мөлшеріне тыйым салуды ұсынды.

Адамзат тұтынатын азық-түліктің 80 пайызында қант бар. Ол тәттіден бөлек, нан, макарон, картоп, жеміс-жидек, сусын, тіпті еттің құрамынан да табылады. Оның үстіне ақ қант дастарханның төрінен түспей келеді. Соңғы уақытта өнімге сұраныс та артқан.

Ербол Есенеев, «Атамекен» ҰКП агроөнеркәсіптік кешен және тамақ өнеркәсібі департаментінің директоры:
соңғы 5 жылда 100 мың тоннаға көбейттік. Қазіргі тұтынатын 582 мың тонна. Бір қазақстандыққа 30 кг-нан асады екен.

Сұранысқа бізде ұсыныс бар. Елдегі 4 зауыт ішкі нарықты толық қамти алады. Сондықтан, өнімді сырттан тасып, импортқа иек артудан арылу керек. Қант қауымдастығының президенті осындай ұсыныс айтты.

Айжан Наурызғалиева, Қазақстанның қант, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі қауымдастығының президенті:
Бізде шикізат жоқ. Ең үлкен мәселеміз осы. Егер шикізатпен толық қамтыса, қантқа тапшылық проблемасы болмайды. Былтыр қанттың 53 пайызы шетелден келді. Қазір өндірісті дамыту бойынша бағдарламалар кешені әзірленіп жатыр. Көп мәселе шешіледі деген үміттеміз.

Ал дәрігерлер қантты мөлшерден көп қолдану – ұлттық трагедия деп отыр. Салдарынан ауру түрлері күрт көбейген. Әсіресе балалар арасында дерт дендеп барады.

Бүкіл ауру – тамақта қант мөлшерінің көп болуынан. Қан қысымының жоғарылауы, артық салмақ, бас ауруы, шаштың түсуі, қалқанша безінің бұзылуы, тіпті онкологияға да душар ететін фактордың бірі осы - қант.

Гүлжан Мұратханқызы, эндокринолог:
Бүкіл әлемдік ДСҰ болжамы бар. Қазақстанда 2030 жылы осы көрсеткіш 1 млнға жетеді деген. Түсінесіз ба? Қазір - 2022. 8 жылдан кейін біздің Қазақстанда 1 млн адам Қазақстанда қант диабетіне шалдығады. Сондықтан қазіргі уақыттағы қант тапшылығына мен эндокринолог маман ретінде қуанам. Болмасыншы қант.

Дәрігерлер халықты қантқа тәуелділіктен арылту үшін бағасын бірнеше есеге арттыруды ұсынып отыр.

Асима Нұрбайқызы

Хабарламаларға жазылу