Депутаттар: Балаға кибербуллинг жасалды деген арызды сарапшылар тобы қарау керек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Депутаттар: Балаға кибербуллинг жасалды деген арызды сарапшылар тобы қарау керек

14.04.2022

Балаға кибербуллинг жасалды деген арызды сарапшылар тобы қарау керек. Бүгін Сенатта бала құқығын қорғау туралы заң талқыланып, депутаттар осындай ұсыныс айтты. Сондай-ақ, Cенаторлар уәкілетті органның өз қалауы бойынша интернет-ресурс, әлеуметтік желі мен мессенджерлердің жұмысын шектеуге немесе тоқтатуға өкілеттілігін алып тастауды ұсынды. 

 Берік Көшербай, тілші:
Баланың құқығын қорғау, білім беру, ақпарат және ақпараттандыру мәселелері бойынша заң жобасы қоғамда да қызу талқыланған. Жалпы бұл саладағы әдіс-тәсілдер мен құқықтық механизмдерді үнемі жаңартып отыру қазіргі күн талабы. Бүгін Сенаттың жалпы отырысында қаралған заң жобасында бірқатар маңызды сұрақ қамтылған. Атап айтқанда, жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды тұрғын үй қорынан баспана алу есебіне қою 6 айдан 3 айға дейін қысқарады. Бұдан бөлек, егер кәмелетке толмаған балаға қамқоршы тағайындау қажет болса, тиісті органдар оны психологиялық даярлықтан өткізбей-ақ белгілеуге құқылы болады. Ал қазіргі заңнама бойынша баланы алу үшін 1 жыл психологиялық дайындықтан өту керек. Сондай-ақ заңға бірінші рет буллинг түсінігі енгізілді. Бүгінгі таңда бұл өте өзекті мәселе. Өйткені баланы жария немесе жасырын түрде, әсіресе әлеуметтік желі арқылы қорқыту, қорлау фактілері көбейіп келеді.
Ләззат Сүлеймен, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
Мемлекет баланың жеке басына ешкімнің тиіспеуін, яғни балаға физикалық немесе психикалық күш көрсетуден, адамны қадір-қасиетіне қатыгездікпен, дөрекілікпен қараудан, оны қорлаудан қорғайды. Енді осы тізімде баланы буллингтен қорғау құқығы да бекітіледі. Білім беру саласындағы уәкілетті органға психологиялық қызметтердің жұмыс ережесін, баланы қудалаудың буллингтің алдын алу қағидаларын әзірлеу мен бекіту құзыреттілік беру бойынша көзделіп отыр.

 Берік Көшербай, тілші:

Сенаторлар заң жобасында ұсынылған ережелерді мұқият қараған. Келіп түскен өтініштерді ескере отырып, оның бірқатар баптарын қайта қарауды ұсынды. Атап айтқанда, балаларға қатысты кибербуллингті мемлекеттік орган емес, арнайы сарапшылар тобы қарау керек деп санайды. Заң жобасына басқа да бірқатар өзгеріс енгізіп, Мәжіліс қарауына қайта жіберді.

 Берік Көшербай


Хабарламаларға жазылу