Қарағанды облысы Қарқаралының жолы қырық жамау - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағанды облысы Қарқаралының жолы қырық жамау

13.04.2022

Қарағанды мен Қарқаралыны жалғайтын республикалық маңызы бар күре жол әбден тозған. Жергілікті тұрғындар кен тасыған жүк көліктері онсыз да жұқарған асфальт жабындысын одан сайын езіп тастады деп шағымданады. Осының салдарынан өңірге саяхаттайтын турсистер саны да күрт кеміп кеткен. Аймақтағы тілшіміз Руслан Нұрланұлы арнайы барып, жұрттың жанайқайын тыңдап келген еді.

Руслан Нұрланұлы, тілші:

Қарағанды-Аягөз-Бұғаз тас жолы 1961 жылы пайдалануға берілген. Содан бері бірде-бір рет күрделі жөндеу жасалмаған. Мінекей ой-шұңқыры шығып жатыр. Жолдың ені де талапқа сай емес. Салдарынан жол-көлік оқиғасы жиі болады.

Республикалық маңыздағы тас жолдың 303 шақырымы Қарағанды обылысына тиесілі. Жолай Бұқар жырау, Қарқаралы аудандары арқылы өтеді. Бірнеше жыл бұрын көктемде су тасыған кезде теміржол қатынасы тоқтап, маңайдағы кен орындары руданы дәл осы жолмен тасыды. Осылайша онсыз да қырық жамау жолды тіпті нашарлатып жіберді.

Жол бойындағы ондаған елді-мекен тұрғындары бұл мәселені талай жылдан бері қозғап келеді. Тіпті Қарқаралының таулы аймағын тамашалауға келетін туристердің де шағымы көп. Ал жол жөндеуші кәсіпорындар ойдым-ойдымы шыққан жолды топырақпен тегістеп, өздерін алдап жүр.

Дегенмен, биыл сең қозғалды. «Нұрлы жол» бағдарламасымен күре жол қайта салынатын болды. Бойында сервистік қызмет жаңғыртылады. Жуырда жобалау-сметалық құжаттары дайындалып, 2024 жылы құрылыс басталмақ.

Сырым Хамзин, «Қазавтожол» ҰК» АҚ ҚОФ директоры
Қазіргі жай-күйі 3-ші техникалық санат, ені 7 метр асфальт-бетон жабындысының. Екінші техникалық санатта 9,25-ке дейін кеңейтіледі. -Қайта жаңартудың арқасында ұзындық бөлік, еңістікке барлық түзетулер енгізіледі осы жолдың, қауіпсіздік жағынан көп қарастырылатын болады.

Құрылыс біткенше тұрғындарға осы жолмен қатынай тұруға тура келеді. Жауапты мамандардың айтуынша, осы көктемде 800 шаршы метрі жөнделіп, ойылған жерлері бітеледі екен. Ескірген жол белгілері ауыстырылмақ.

Руслан Нұрланұлы

Хабарламаларға жазылу