Украинадағы әскери қақтығыс: Бүгін гуманитарлық дәліздер жабық тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Украинадағы әскери қақтығыс: Бүгін гуманитарлық дәліздер жабық тұр

13.04.2022

Украинада әскери қақтығыс жалғасып жатқанына - 49 күн. Бүгін гуманитарлық дәліздер жұмыс істеп тұрған жоқ. Себебі тыныштық режимі бұзылып, атыс тоқтамай жатыр. Ресей әскері қазір шығыстағы Донбасс пен Харковьті алуға және аймақта шоғырланған мыңдаған украин жауынгерін қоршауға әзірленіп жатыр. Ал Мариупольге қатысты түрлі ақпарат түсті. Ресей Қорғаныс министрлігінің мәлімдеуінше, қалада украиналық теңіз жаяу әскерінің мыңнан астам мүшесі тұтқынға түскен.

Игорь Конашенков, Ресей қорғаныс министрлігінің өкілі:

Мариуполь қаласында Металлургия комбинаты ауданында Украинаның 1026 сарбазы өз еркімен қару тастады. Жараланған 151 украиналық әскери қызметкерге оқиға орнында алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Олардың барлығы Мариуполь қалалық ауруханасына емделуге жіберілді.

Дегенмен, Украина билігі өз сарбаздарының тағдырына қатысты мүлдем басқа мәлімдеме жасады. Президент Владимир Зеленский кеңсесінің мәліметіне сай, Марипуольдағы 36-бригада әскері күрделі және қатерлі маневрдің нәтижесінде «Азов» полкына қосылған. Нәтижесінде қаланы қорғау жүйесі күшейе түскен. Ал Зеленский болса, Эстония парламентімен видеобайланысқа шықты.

Владимир Зеленский, Украина Президенті:

Ресейдің әуе соққысының астында қалған украиналық қалаларда ондаған мың адам мерт болды. Ресей армиясы адамдар тұратын аудандарға, азаматтық нысандарға қарсы артиллерия түрлерін, зымырандар, әуе бомбалары, оның ішінде фосфор бомбалары мен халықаралық деңгейде тыйым салынған қару-жарақ қолданып жатыр.

Арай Төлегенқызы

Хабарламаларға жазылу