Ресей қарулы күштері Украинаның шығысында шабуыл бастауға әзірленіп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ресей қарулы күштері Украинаның шығысында шабуыл бастауға әзірленіп жатыр

13.04.2022

Олардың Донбассқа еніп жатқан конвойы туралы сурет жарияланды. Әскери техника мен жауынгерлердің кіре бастағаны жайлы фотолар Украина шекарасынан 8 шақырым жерде түсірілген. Айта кетсек, Ресей армиясы бар күшті Донбассты «азат етуге» жұмсайтынын жариялағаны белгілі.

Украина сарбаздары Донбасстағы Донецк және Луганск облыстарында Мәскеуге жақтас сепаратистермен 8 жылдан бері қақтығысып жатыр. Украина бұл аймақты қорғауға ең тәжірибелі мыңдаған жауынгері мен офицерін шоғырландырған. Кей болжамдарға қарағанда, мұнда ауқымды әскери ұрыс бірнеше күнде басталуы мүмкін.

Тағы бір айта кететін жайт, Украина қауіпсіздік күштері ресейшіл саясаткер әрі олигарх Виктор Медведчукты тұтқындағанын хабарлады. Медведчук «Өмір үшін» оппозициялық платформасының лидері және Путиннің Украинадағы ең ықпалды, ең жақын сыбайласы саналады.

Арыстан Рысбек

Хабарламаларға жазылу