Алматы облысындағы медициналық қалдықтарға халық наразы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысындағы медициналық қалдықтарға халық наразы

12.04.2022

Алматы облысы, Абай ауылының маңында медициналық қалдықтар шашылып жатыр. Зиянды заттар қоқыс полигонының сыртына төгілген деп жергілікті тұрғындар дабыл қағуда. Ал ол жерде жайылым мен егіс алқаптары орналасқан. Өңірдегі тілшіміз Қуаныш Қанатұлы зиянды қалдықтарды өз көзімен көріп, қоқыстың бейберекет төгілуінің себептерін анықтады.

Қуаныш Қанатұлы, тілші:
Мына жердегі медициналық қалдықтардан аяқ алып жүре алмайсың. Бұл жерде адам денсаулығына қауіпті деген заттар өте көп. Мәселен арнайы жерде ғана жойылатын люминисентті шамдар. Ал мына сұмдықты қараңыздар? Бұл жерде тіпті адамның дене қызуын өлшейтін термометрлер ашық-шашық жатыр. Ал мұның ішінде улы сынап бар.
Қуаныш Қанатұлы, тілші:
Ал мына жерде науқастардан сынамаға алынған қан құйылған ыдыстар үйіліп жатыр. Бұл қоқыс полигонын нағыз індеттің ошағы деуге толық негіз бар.

Қоқысты анықтап, алғаш дабыл қаққан мына екі азамат. Осынша көлемде зиянды қалдықтардың бейберекет төгілуі барып тұрғын қылмыс, дейді олар.

Ринат Хамзин, ауыл тұрғыны:
Тапқан күннен бері бір жұма өтті. Әлі ештеңке жасалмай жатыр. Мусордың бәрі жатыр. Ештеңкені алған жоқ. Даже градусникті хотя бы жинаса ғой.

Қоқыс алаңында бірнеше емдеу мекемесінің медициналық қалдықтары төгілген. Біз солардың біреуіне арнайы соқтық. Ақ халаттылардың айтуынша барлық қалдық заттарын келісімшарт бойынша арнайы компания жоюға міндеттелген.

Саят Тікенбаев, Ескелді аудандық емхана меңгерушісі:
Осы жерден бізден тендерді ұтқан компаниялар алып кетеді. Біздің территориядан алып кеткеннен кейін қоқыстарды өндіру, құртуы сол кісілердің мойнында болады.

Құзырлы органдар тергеуді бастап, қалдықтарды кім төккенін анықтауға кірісті. Егер кінәлары дәлелденсе қылмыстық іс қозғалады. Ал егер әкімшілік заңбұзушылық деп танылса, кәсіпкер айыппұл арқалайды.

Ербол Сейсенбинов, Ескелді аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы:
ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 802 бабына сәйкес құжаттарды бізге жібереді. Осы құжаттарбы біз қабылдап алғаннан кейін өзімізге тиесілі осы Кодекстің 425 бабына сәйкес әкімшілік шара ретінде айыппұл саламыз.

Кінәлі азаматтар анықталмағанша медициналық қалдықтар сол жерде жата бермек. Тіпті күзет те қоймағаны тұрғындарды алаңдаты.

Қуаныш Қанатұлы


Хабарламаларға жазылу