Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі әлі сейілген жоқ. Қазір трансшекаралық өзендерде су деңгейі көтерілген. Жайыққа биыл мол су келуі мүмкін бе? Әріптесім Ардақ Мұратқызы зерделеп көрді.
Ардақ Мұратқызы, тілші:
Тасқын су кезеңі басталғалы Жайық өзенінің деңгейі Орал қаласының тұсында 2 метрден астам көтерілген. Қазір су деңгейі - 274 см. Су Ресейден секундына 30 текшеметрден келіп жатыр. Бұл орташа ағыс. Биыл Жайық 450 смге дейін көтеріледі деген болжам бар.
Аймақта тасқынның қауіпті екі кезеңі өтті. Енді мамандар Жайық, Шаған, Қараөзен, Сарыөзен секілді трансшекаралық өзендердің деңгейін бақылауға алды.
Нұралы Мусиев, Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басқарма бастығы:
Облыстың өзендерінде су деңгейінің көтерілуінің максималды деңгейі өтіп кетті. Трансшекаралық өзендерде кішігірім су деңгейінің көтерілуі байқалады. Жалпы жағдай қалыпты, жұмыстар жалғасып жатыр және бақылауда.
Ендігі мақсат – жоғарыдан келетін мол суды ысырап қылмай, жинап алу. Қазір Шаған су қоймасының 76 пайызы толған. Суды толық ұстап қалу үшін шандорлар жабылды. Ал Казталов, Жаңақала аудандары аумағындағы Қараөзен, Сарыөзендерге де су келіп жатыр. Тіршілік нәрі көлтабандарға жіберілуде.
Рауан Құсайынов, «Қазсушар» РМК БҚО филиалы директорының міндетін атқарушы:
Ворфоломеев су қоймасынан Сарыөзенге су 10 текше метрден келіп жатыр. Приузен су қоймасынан Қараөзенге 30-35 текше метрмен келіп жатыр. Біздің авариялық бригадамыз Жалпақтал ауылының маңайында орналасқан. Қажет шараларды қолданады.
Қазір жұрттың басты назары – Жайықта. Бірнеше жылдан бері еселеп тартылып қалған өзен арнасы бір толса екен дейді. Әзірге жоғарыдан су баяу келуде. Осыдан он жыл бұрын 20 есе көп келетін дейді гидролог мамандар. Қазір Жайық-Көшім жүйесіндегі су қоймаларында 36 пайыз ғана су қоры бар.
Ардақ Мұратқызы