Елордадағы ботаникалық бақтың су қоймасында балықтар қырылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордадағы ботаникалық бақтың су қоймасында балықтар қырылды

11.04.2022

Елордадағы ботаникалық бақтың су қоймасында балық қырылып, су бетіне шығып жатыр. Әкімдік мамандары қолдан жасалған су қоймасы балық өсіруге арналмағанын айтады. Сондықтан оның табаны арнайы жабынмен жабылған. Алайда балық шаруашылығы инспекциясының мамандары бұл жағдай жыл сайын қайталанады дейді. Айтуларынша, жаз айларында бақты суғаруға қолданылатын суға шабақтар Есіл - Нұра каналынан табиғи жолмен түскен. Балық қырылмауы үшін күз айларында тоғанды тазалау туралы әкімдікке бірнеше рет хат жіберілген. Алайда бұл жұмыс орындалмай, судағы шабақтар мұзбен бірге қатып қалған. Қазір әкімдік жұмысшылары өлген балықтарды жинауға кірісті.

Айдар Шәріпов, «Есіл» бассейіндік балық шаруашылығы инспекциясының инспекторы:
Бұл резервуарда балық жылда қырылады. Су толтыру кезінде майда шабақтар осында түспес үшін арнайы тор қойылуы немесе күз айында арнаны судан толық тазалау қажет. Алайда шара қолданылмаған. Қазір әкімдік жұмысшылары 70 келіге жуық өлген балықты жинап алды. Мұндай жағдай қайталанбас үшін тағы да шара қолдану туралы ұсыныс әзірлейміз.

Сәбит Әлдебай

Хабарламаларға жазылу