Қаңтар оқиғасына қатысты Бас прокуратура есебі. Қару ұстауға кімдер құқылы? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қаңтар оқиғасына қатысты Бас прокуратура есебі. Қару ұстауға кімдер құқылы?

10.04.2022

Қаңтар оқиғасы кезінде ұсталғандарға күш қолданып, тергеуде рұқсат етілмеген әдістерге барғаны үшін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің 8 қызметкері мен бір полиция өкілі ұсталды. Бас прокуратура 1-қызмет бастығының орынбасары Елдос Қилымжановтың айтуынша, дәл қазір қамауда отырған күдіктілердің ешбіріне азаптаулар қолданылып жатқан жоқ.

Қаралы қаңтарда қару ұрлағаны үшін 17 адам бас бостандығынан айырылса, жаппай тәртіпсіздіктерге қатысқаны үшін 152 адам сотталған. Қазір ел бойынша 3702 адам тергеліп жатыр. Полицейлердің айтуынша, қаңтар қырғынында 1386 ұрланған қару-жарақ табылған. 120 қаруды азаматтар өз еркімен тапсырған. "Қару" жедел іздестіру шарасы кезінде барлығы 8 мыңнан аса қару иесі тексерілді. 118 адам қаруды сақтау ережесін, ал 50 адам оны тіркеу тәртібін бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылды. Ақмола облысының өзінде екі айда тәртіп сақшылары заңсыз айналымнан 30-дан астам қару мен 88 патрон тәркіледі. Егер қаруды заңсыз сақтағандар өз еркімен тапсыратын болса, жазаға тартылмайды.

Жалпы елімізде қару алу кімдерге рұқсат етілген? Заңсыз қарумен қанша қылмыс жасалды? Қаруды қай кезде қолдануға рұқсат? 

Соңғы кездері атыс оқиғалары жиілеп кетті. Өткен жылы Алматыда 5 адамды атып өлтірген Дужнов қоғамды дүр сілкінтсе, осы аптада тағы сол қалада дәрігер Юрий Шумков кісі қолынан қаза тапты. Күдікті оны аңшы мылтығымен атқан.

Салтанат Әзірбек, Алматы қалалық полиция департаментінің ресми өкілі:

Бірнеше болжамды тексеріп жатырмыз. Оның бірі осы азамат дәрігердің емделушісі болуы мүмкін деген болжам бар.

Бұл оқиғаның анық-қанығы енді зерттеледі. Ал, осыдан кейін қаруды сақтау, сатып алуға рұқсат беру талаптарына қатысты сұрақ тағы күн тәртібіне шықты. Өйткені, соңғы 5 жылда атыс қаруымен жасалған қылмыстардан 255 адам көз жұмған.

Андрей Лукин, Парламент Сенатының депутаты:

Бұл қылмыстардың 88 пайызы заңсыз айналымдағы қару-жарақпен жасалған. Соңғы 3 жылда қаруды сақтау, тіркеу шарттарын бұзғаны үшін 45 мың адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Бірақ, сонда да мәселе шешілмей тұр.

Заң бойынша біздің азаматтар қолдана алатын қару түрлері 3-ке бөлінеді. аңшылық қару, спорттық қару және өзін-өзі қорғау құралдары. Оларды сатып алу үшін «Егов» порталы арқылы өтініш беру қажет. Қару ұстауға қарсы көрсетпесі жоқ екенін, қауіпсіздік қағидаларын білетінін дәлелдейтін анықтама жүктеуі тиіс.

Ермек Тілеукеев, заңгер, республикалық адвокаттар алқасының мүшесі:

Соңғы 1 жылда мына травматикалық қарудың өзін тіркеуге алып жатыр полиция. Өйткені, травматикалық қарумен 18-20 жастағылар көз шығарып жіберу, жанды жерге тию жағдайлары көп болғандықтан оны да тіркеуге алып жатыр.

Асылбек Ыдырысов, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің бөлім басшысы:

Өткен жылы Ресей Федерациясында болған оқиғаға байланысты қаруды иемденуге жас мөлшерін ұзарту бойынша талаптар қойылып отыр. Тегіс ұңғылы аңшылық қаруға 18-ден 21 жасқа дейін, сондай-ақ, тегіс ұңғылы жартылай автоматты және ойық ұңғылы қаруды 21 жастан 24 жасқа дейін жоғарылату көзделіп отыр.

Полицияның есебінде қазір 200 мыңнан астам қару иесі мен 300 мың қару тіркелген. Қарулар қалыңдығы 3 мм және дабыл жүйесімен жабдықталған сейфте сақталуы тиіс. Бұл талап жылына 1 рет тексеріледі. Ал мамандарды алаңдатқаны қаруды сатып алуға берілетін рұқсаттың 5 жылға жарамдылығы.

Сергей Катнов, «Қорамсақ» қазақстандық қару қауымдастығының атқарушы директоры:

Қаруы бар азаматтың психологиялық жағдайы 5 жылда бір рет тексеріледі. Бұл мерзімді қысқарту керек деп есептейміз. Себебі, қару ұстаған адамның мінезі, ойы тез өзгеруі мүмкін.

Тағы бір түйткіл өзін-өзі қорғауға арналған қаруды қандай жағдайда қолдануға болатыны нақты көрсетілмеген. Бұл қылмысты ашу кезінде құқық қорғау қызметкерлерінің қулыққа баруына жағдай жасайды,-дейді адвокат.

Ермек Тілеукеев, заңгер, республикалық адвокаттар алқасының мүшесі:

Өзін қорғау мәселесі қиынырақ. Заңда солай жазылған. Адам бұл қаруды тек өте шарасыз кезде, төтенше жағдайда қолдануға болады. Біздің қарапайым азаматтарға бұл жерде анықтау өте қиындау болады. Бұл жерде заңды тергеуші сот прокурор өзі заң бойынша саралау болады. Оны мысалға ертең тергеу органы ол қорғанды ма, қорғанбай шабуыл жасады ма деген тағы да коррупциялыққа келіп тіреледі.

Елімізде қару саудасымен айналысатын 101 дүкен тіркелген. Қазір талапқа сәйкес келетін 85-і жұмыс істеп тұр. Енді қаруды сатуға қатысты талап тағы күшеюі мүмкін.

Асылбек Ыдырысов, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің бөлім басшысы:

Оқсыз атылатын белгі беретін қаруларды сатып алу, беру тасымалдау бойынша әкімшілік жауапкершілік көзделіп отыр. Сонымен қатар тегіс ұңғылы қаруды заңсыз сақтағаны үшін әкімшілік кодекстен оны қылмыстық кодекске аударып криминизациялау көзделіп отыр.

Бірақ, осы саладағылар кейбір шектеулердің артық екенін айтады. Оның пайдасынан зияны болуы мүмкін,-дейді.

Сергей Катнов, «Қорамсақ» қазақстандық қару қауымдастығының атқарушы директоры:

Мысалы, бүкіл әлемде қарудың санына байланысты шектеу жоқ. Ал бізде 4 қаруға ғана рұқсат береді. Бұл аңшыларға аз. Осындай шектеу заңсыз қару айналымын көбейтеді.

Андрей Лукин, Парламент Сенатының депутаты:

Қазір атыс қаруына ұқсас газды, травматикалық, сигналдық және пневматикалық қарудан оқ ататын қаруды заңсыз жасау фактілері көбейіп жатыр. Соңғы 3 жылда осындай 129 қару тәркіленіп, 15 заңсыз қару жасау цехы анықталды.

Заңсыз айналым демекші, бізде қаруды жоғалтқан адамға айыппұл ғана салынады. Мұны қатаңдату керек,-дейді заңгер. Мысалы, Алматыда 5 адамды өлтірген Дужнов қаруды 2008 жылы алып, 2014 жылы жоғалттым деген. Бірақ, былтырғы оқиға қару өзінде болғанын көрсетті.

Ермек Тілеукеев, заңгер, республикалық адвокаттар алқасының мүшесі:

 Жоғалтып алдым деген адамды негізі тергеу керек. Қай жерде жоғалтты, қандай мақсатта жоғалтты. Ал егер үйіне ұры түсіп, ұрлап кетсе ол бөлек әңгіме. Әкімшілік айыппұлмен құтылу деген дұрыс емес ол. Сондықтан, мен ойлаймын азаматтар қару-жарақ алып жатқан кезде қылмыстық жауапкершілік көрсетілсе, сезінер еді.

Соңғы 5 жылда «Қару» акциясы ел ішінде заңсыз сақталған 10 мың қаруды полицияға тапсырылыпты. Оларды сатып алуға бюджеттен 500 миллион теңге жұмсалған. Ал халықтың ішінде әлі ешкім білмейтін қанша қару бар екені белгісіз. Тағы бір ақпарат, кешегі «қаңтар оқиғасы» кезінде дүкендерден 1669 азаматтық қару ұрланған. Олардың да 1330-і әлі табылған жоқ.

Хабарламаларға жазылу