Қазақстанда дәрі-дәрмек тапшылығы туындай ма? Министр жауабы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанда дәрі-дәрмек тапшылығы туындай ма? Министр жауабы

10.04.2022

Қазақстан Украинадан дәрі-дәрмек жеткізуді тоқтатты. Дәрілік заттардың 90 пайызы алдын-ала сатып алынғандықтан, тапшылық жоқ. Десе де, тұрғындар кей медициналық препарат түрлерін дәріханадан таба алмай әлек. Әсіресе, өмірі дәріге тәуелді науқастар алаудаулы. 

Сарапшылар фармацевтика нарығындағы тапшылық әлемдегі геосаяси ахуалға байланысты туындағанын айтады. Ал Денсаулық сақтау министрі емханадан тегін берілетін дәрілер қоры маусым айының соңына дейін жетеді дейді. 

Астаналық Денистің әжесі күнде кешке іш дәрісін ішіп жатуы керек. Тоқ ішегі тарылып, істен шыққалы мамандар сондай ем жазып берген.

Денис Одноуров, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:

Әжеме іш дәрісін іздеп жүргеніме екі күн болды. Аралап көрген бірде-бір дәріханада жоқ. Не істерімді білмеймін.

Индира Мәуленова, фармацевт:

Қазір тапшы дәрілер өте көп. Мысалы, щитовидный железалардың дәрілері. Оларды күнделікті ішу керек. Соларды таппай жатыр. Сосын антибиотиктер жоғалып жатыр. Инсулинді жаңа 3-4 адам іздеп кетті. Күнделікті іздейді оны. Ол да жоқ.

Қазақстанда осы сияқты 8 мыңнан астам жекеменшік дәріхана бар. Олардың көпшілігі кей дәрілер қат болып жатқанын айтады. Мұны дәріхана иелері қауымдастығының басшысы Талғат Омаров та растады. Ал Денсаулық сақтау министрлігі тапшылық туралы шағым түспегенін айтады.

Әсия Молдиманова, ДСМ медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті департаментінің бөлім басшысы:

Бір үйде 3-4 аптека бар. Бір дәріханада болмаса, ол келесі бір кварталда басқа дәріханаға барса, онда міндетті түрде болады. Бізге мынандай дәрі жоқ, мынандай дәрі жетпей жатыр деген шағымдар әзірге түсіп жатқан жоқ.

Біз сұхбаттасқан Денис таба алмай жүрген «Пиколакс» дейтін дәрі Украинада өндіріледі екен. Ондағы фармацевтикалық зауыттар әскери қақтығыстың кесірінен жұмысын тоқтатқан. Енді Қазақстан Украинадан импортталып жүрген 25 түрлі дәрінің аналогын басқа елден іздеуге мәжбүр.

Ажар Ғиният, Денсаулық сақтау министрі:

Бүкіл импорттың 1,6 пайызы Украинадан әкелінетін. Жыл басынан бері соның 70 пайызға жуығы жеткізілді. Енді зауыттар жабылып қалғандықтан, келісімшарттарды өз тарапымыздан бұздық. Соларға ұқсас дәрінің қалған бөлігін жаңа конкурс бойынша 1 шілдеге дейін сатып аламыз.

Министр дәрі-дәрмек тапшылығы жоқ және болмайды да деді. Себебі жыл басынан бері препараттардың 94 пайызы қоймаларға жеткізіліп қойған. Бірақ министрлік дефициттен сонда да қауіптенетін секілді. «Қазақстаннан дәрі-дәрмек шығаруға 6 айға дейін тыйым салу» туралы бұйрық әзірлеп қойғанына қарағанда. Қауіптенуге негіз бар да. Сарапшылардың сөзінше, дәрі тасымалдаушы компаниялар кей еуропа өнімдерін Ресей аумағы арқылы елге жеткізе алмай жатқан көрінеді.

Талғат Омаров, Тәуелсіз дәріхана иелірі қауымдастығының жетекшісі:

Ресейге бүкіл дүниежүзі санкция салып тастады. Ресей билігі айтады, ол фармацевтикаға ешқалай әсер етпейді деп. Қалай әсер етпейді? Егер оларға қатынау, самолеттер, басқа да көліктер тоқтатылса, оларға қалай келеді дәрі-дәрмек? 90 пайыз шикізат Ресейге шет елден келеді.

Ал елдің фармацевтика саласын бірнеше жыл басқарған Дәулетхан Есімов «жасыл дәліз» ашылғалы дәрі-дәрмекті тасымалдау жағынан ешқандай тосқауыл жоқ екенін айтады.

Дәулетхан Есімов, Қазақстандық медициналық ұйымдар альянсының төрағасы:

«СК-Фармация» тікелей сол елдің зауыттарымен шарт жасайды да тікелей аламыз. Ресей арқылы келеді. Логистика солай жасалған. Ал Украинадан кішкене кедергі болады деген ой болды, бірақ «жасыл коридор» ашылып, сол арқылы жүріп жатыр. Еуропадан дәрі алатын частный компаниялар да бар ғой. Олар да дәрі-дәрмектерін сол «жасыл коридор» арқылы өткізе алады.

Қазақстанда 7 мыңнан астам дәрі түрі тіркелген. Соның 80 пайызы импортталады. Ең көп бөлігі Германиядан әкелінеді – 14,2 пайыз. Тағы 14 пайызы Ресейге тиесілі. Ал Италия, Франция, Үндістаннан сатып алынатын импорт 5-6 пайыздан аспайды. Басқа елдердің үлесі осылай азая береді. Талғат Омаров енді осы импортты тасу үшін басқа жол іздеу керек дейді.

Талғат Омаров, Тәуелсіз дәріхана иелірі қауымдастығының жетекшісі:
Біз серіктестерді басқа мемлекеттерден таба аламыз. Түркия, Үндістан, Қытай болсын. Олар немесе өзінің лицензиясын береді. Менің лицензиям арқылы осындай өнім шығар деп. Біздің мамандарымызды оқытып береді. Оборудование, шикізатын береді. Жолға салып береді. Екінші жолы – сол шет елден дәрі-дәрмек әкелеміз де соларды сатамыз. Сол кезде оларды тіркеуден өткізу керек. Ол уақыт алады. Сосын сертификация тағы да уақыт алады.

Ал Дәулетхан Есімовке Ресейде орналасқан бірнеше фармацевтикалық компанияның басшылығы хабарласып, Қазақстан юрисдикциясына ауысуды ойластырып жатқанын айтыпты.

Дәулетхан Есімов, Қазақстандық медициналық ұйымдар альянсының төрағасы:

Медициналық дәрілер шығаратын Ресейдің зауыттары Қазақстанға келіп орналасуға, сондай ойлары болып жатыр екен. Өйткені санкцияға байланысты олар тауарларын сата алмайды да.

Сарапшылар геосаяси ахуал бүгін-ертең тұрақтанған күннің өзінде дәрі-дәрмек нарығы бірден қалпына келе қоймайтынын айтады. Сондықтан дереу балама жолдар іздеп, отандық фармацевтика өндірісін күшейту керек дейді.

Талғат Омаров, Тәуелсіз дәріхана иелірі қауымдастығының жетекшісі:

Ресейден қазір ақпарат келіп жатыр қаншама адамдар дәрі жетіспеушілігінен қайтыс болып жатыр деп. Сондықтан біздің шырылдап жүргеніміз сол жағдайға біз де тап болмайық!

Данияр Қайыртай, Бахтияр Омар

Хабарламаларға жазылу