Экологиялық апат: Мұнай қалдықтарын тазалау үшін 3 млрд теңге қажет - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Экологиялық апат: Мұнай қалдықтарын тазалау үшін 3 млрд теңге қажет

08.04.2022

Атырау облысындағы өндірісті өлке атанған Жылыойда экологиялық ахуал күн өткен сайын ушығып барады. Себебі аудан аумағында орналасқан түрлі кәсіпорындар жиі экологиялық заңнаманы бұзатыны анықталған. Мәселен Құлсары қаласының ауасын былай қойғанда, шаһар іргесі тонналаған мұнай қалдықтарымен ластанып жатыр.

Экологияның зардабын тартып отырған тұрғынның бірі ІІ топ мүгедегі Мұратбек Қаржаубаев. Ондаған жыл мұнай компаниясында қызмет еткен азамат қазір денсаулығына байланысты жұмыссыз. 8 жылдан бері демікпенің асқынған түрімен күресіп келеді.

Мұратбек Қаржаубаев, Құлсары қаласының тұрғыны:

Бір бригадада 8 жігіт болдық.Соның төртеуі осы қолқамен ауырамыз. Құлсарыға келсем аурады.Көкшетауға Бурабайдағы санаторяға барғанда, ауырмаймын. Шашатынмен жүремін. Ауылға келгеннен кейін 15 күн, бір айдан кейін қайта ауырамын.

Бүгінде Жылыой ауданы бойынша диспансерлік есепке 12 мыңға жуық адам алынса, оның 600-ден астамы тыныс алу жүйесі ауруымен дәрігерлік тіркеуде тұр. Жалпы мұндағы экологиялық ахуалдық ақсап тұрғанына дәлел көп. Соның бірі - шаһар іргесінде ашық-шашық күйінде жатқан мұнай қалдықтары.

Жандос Темірғали, тілші:

Қазір мына атшаптырым аумақта мұнаймен ластанған 520 тонна топырақ жатыр. Қауіптісі сол қара алтын қалдығы жауын-шашын суымен араласып, жерге сіңіп жатыр.

Бас-аяғы 20 гектар аумақ бүлінді. Зиянды шығарындының жатқанына 7 жылдай болды. Жерді жалға алған кәсіпкердің жұмысы сотпен тоқтатылып, тазалауға міндеттелген. Алайда, оны құзырлы органдар таба алмай жатыр. Ұшты-күйлі жоқ.

Қадыржан Адинов, Құлсары қаласы әкімінің орынбасары:

Кәсіпкерге біз сот процесіне қатысуға ескертпе берген кезде өзінің берген заңды адресі бойынша анықталған жоқ.Енді бұл туралы біз полиция бөліміне де хат жолдадық. Полицияның жауап хатында жерді жалға алушыны таба алмай жатқандығы жөнінде хабарлама келіп түсті.

Былтыр өңір экологтары облыс бойынша 77 әкімшілік іс қозғады. Қорашаған ортаға орасан зор зиян келтіріп тұрған кәсіпорынның бірі – Теңіз мұнай кеніші. 2 жыл бұрын 8 рет заңнаманы бұзып, жарты млрд теңгенің көлемінде айыппұл өндірілді. Бұл жағдай өткен жылы да қайталанған.

Сырым Тілегенов, Экология департаменті басшысының орынбасары, Атырау облысы бойынша бас мемлекеттік экологиялық инспектор:

2021 жылы мұндай заң бұзу фактісінің 11 фактісі анықталды. 63,2 млн теңге көлемінде талап қойылып, 1,2 млн теңге көлемінде айыппұл салынды.

Құлсары маңындағы шашылып жатқан мұнай қалдықтарын тазалау үшін шамамен 3 млрд теңгедей қаражат керек. Жұмыстың бағыты әзірге белгісіз. Жауапты болған кәсіпкерді сот орындаушылары мен полицейлер іздеп жатыр. Ал, экологиялық ахуалдан әбден шаршаған Жылыойлықтар, аудандағы Теңіз кеніші өтемақы төлесін деп талап қойып отыр. Компаниядағылар болса халықтың өтінішін заң шеңберінде қараймыз деп қысқа қайырды.

Жандос Темірғали


Хабарламаларға жазылу