Қостанай облысында тасқын қарқыны бәсеңдеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанай облысында тасқын қарқыны бәсеңдеді

08.04.2022

Қостанай облысында бұған дейін тасқын салдарынан жолдар бұзылып, бірнеше бағытта қозғалыс тоқтағанын айтқан болатынбыз.

Дәл қазір тасқынның қарқыны бәсеңдеді. Су деңгейі төмендегендіктен бұған дейін жабылған Әулиекөл - Жалдама, Торғай - Ақшығанақ бағытында қозғалыс қалпына келтірілді. Алайда Аманкелді - Қабырға, Арқалық - Ашутасты бағытында әлі қатынас жоқ. Төтенше жағдай қызметінің мәліметінше, тасқын су жолдарды бұзғанымен елдімекендерге кірмеген.

Азамат Орымбаев, облыстық ТЖД бастығының орынбасары:
Бүкіл қырдың қары еріп бітті. Қазір енді өзендердің қозғалысы басталды, 4-5 күн ішінде суы өтеді. Егер су деңгейі көтеріліп, апаттық жағдай туындап жатса, біз құтқару жұмыстарын жүргізуге толық дайынбыз.

Сондай-ақ осы Төтенше жағдай қызметінің мамандары «Тұрғындардың үй-жайы, мал-жаны дін аман. Зардап шеккендер де жоқ», - деп отыр. Алайда қауіп толық сейілді деуге әлі ерте. Бұған дейін облыста 90 елдімекенді су басу қаупі бар деп белгіленген болатын.

«Су өте мол келген жағдайда қауіп төнуі мүмкін. Бәрі өзендердің тасуына байланысты» – дейді мамандар.

Дәуренбек Әбдібек 

Хабарламаларға жазылу