Ресей БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесінен аластатылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ресей БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесінен аластатылды

08.04.2022

Бас Ассамблея мұндай шешімге Ресей әскерилері Украинаға басып кіру кезінде адам құқығын «өрескел және жүйелі түрде» бұзуы түрткі болды деп мәлімдеді. Осыдан кейін Ресей кеңестен шұғыл түрде шығу туралы шешім қабылдаған. Мәскеуді аластатуды 93 мемлекет қолдаса, 58 мемлекет қалыс қалған. Қарсы шыққан 24 елдің ішінде Қытай бар. Бейжің асығыс қабылданған бұл шешім БҰҰ-ның ішінде алауыздықты күшейтеді деп мәлімдеді.

Еуропалық Одақтың 27 мемлекеті Ресейге қарсы жаңа санкцияларды құптады. Шаралар бүгін ресми түрде жарияланбақ. Еуропалық Одақ Ресей көмірінен біртіндеп бас тартуға, Ресей мен Беларусьтен жүк және теңіз тасымалдарын шектеуге, технология мен құрал-жабдық экспортына тыйым салуға, Ресейдің жекелеген мемлекеттік банктерінің активтерін бұғаттауға келісті.

АҚШ сенаты Ресейден мұнай экспортына тыйым салуды бірауыздан қолдады. Ал елдің қаржы министрлігі Мәскеуге қарсы санкцияны күшейтетінін жариялап, қара тізімге 8 ресейлік азамат пен 29 ұйымды қосты. Олардың арасында алмаз өндіру жөнінен әлемдегі ең ірі «Алроса» компаниясы да бар. 

Арай Төлегенқызы


Хабарламаларға жазылу