Телевизия және радио ардагері Әбдірәлі Бөлебай өмірден өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Телевизия және радио ардагері Әбдірәлі Бөлебай өмірден өтті

06.04.2022

Бүгін қазақ телевизиясы ауыр қазаға ұшырады. Дауылпаз диктор, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Әбдірәлі Бөлебай өмірден озды. Майталман маманның қазақ журналистикасында қалдырып кеткен дара жолы көпке үлгі. Телеарна ардагерін көпшілік тек өз ісінің шебері ретінде ғана емес жылы жүзді, жайдарлы, қарапайым адам ретінде есте сақтап қалары сөзсіз.

Кез келген ақпараттың шырайын келтіріп, шынайы жеткізетін Әбдірәлі ағамыздың бейнесі көзі қарақты көрерменнің көз алдында. Әлі де сайрап тұр. Себебі оның қайталанбас үні мен көпке ұқсамайтын өзіндік қолтаңбасы ерекше-тұғын.

Әбдірәлі Бөлебай 1953 - жылы Жамбыл облысы Жамбыл ауданы Қызыл Октябрь ауылында дүниеге келген. Негізгі мамандағы - театр және кино актері. 1977 жылы 250 үміткердің ішінен дара озып, Қазақ радиосына диктор болады. Ал, жеті жылдан соң Қазақ теледидарының төріне шығады.

20 жылға жуық теледидардан ел мен жаһандағы маңызды оқиғаларды көпшілікке жеткізіп отырды. Тіпті көрермендер үшін сол отбасының бір мүшесіне де айналып кеткендей еді. Сегіз қырлы диктор тіпті 10 жылдай Қаржы полициясында қызмет етіп, полковник шенін де алған. 2018 жылы Қазақ телевизиясының 60 жылдық мерейтойында Әбдірәлі Бөлебай ақпарат эфиріне шығып, көрермендер сағынышын басқан еді.

Қымбат Досжан, «Balapan» телеарнасының директоры:
Талантымен, еңбекқорлығымен дараланған ардагер журналист соңғы жылдары қара шаңырақ «Қазақ радиосында» еңбек етті. Артынан ерген жас буынға үйретуден еш талмайтын. Оның тағылымды бағдарламалары тыңдарман қауымның жүрегінен ойып тұрып орын алды. Оның қоңыр қою дауысы көпшіліктің жадында мәңгі сақталары сөзсіз.

Шерхан Жамбылұлы 


Хабарламаларға жазылу