Елімізде 2025 жылға дейін 1000 мектеп салынады. Үкімет осылайша үш ауысымды және апатты мектептер проблемасын біржолата шешпек. Сонымен қатар, алдағы 3 жылда ауылдық жерлерде 420 медициналық мекеме салу көзделген. Бұл туралы бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов айтты. Жиында депутаттардың өңірге сапары кезінде көтерілген мәселелерді шешу бойынша Үкіметтің ақпараты тыңдалды.
Мәжіліс депутаттары ақпан айында аймақтарды аралап, сайлаушылармен кездесті. Тұрғындар тарапынан түскен 2 мыңға жуық арыз-шағым , талап-тілек 1 ай бұрын Үкіметкен жолданған. Осы орайда Ералы Тоғжанов өңірдегі өзекті мәселелер қалай шешіліп жатқанын айтты. Баяндамасының бір бөлігі әлеуметтік салаға арналған. Мысалы, атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау механизмі өзгеріп, 25 табыс түрі мен әлеуметтік төлемдер алынып тасталды.
Ералы Тоғжанов, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:
Көмек алушыларды еңбекке ынталандыру тәсілдері енгізілді. Егер еңбекке қабілетті азаматтар ұсынылған жұмыстан бас тартса атаулы көмек 6 айға тоқтатылады. Бұл атаулы әлеуметтік көмектің масылдыққа айналуын болдырмауға бағытталған. Бұл елдің көкейіндегі сұрақ.
Қазір елімізде атаулы әлеуметтік көмекті күнкөріс деңгейі кедейлік шегінен төмен 95 мың отбасы алып отыр. Жалпы, соңғы кезде әлем бойынша айлығы шайлығынан аспайтын азаматтар саны артты. Халық кірісінің төмендеуіне пандемия мен жаһандық экономикалық дағдарыс әсер етті. Депутаттардың айтуынша, тұрғындар тарапынан азық-түлік бағасына қатысты сұрақ көп. Осы ретте, Еділ Жаңбыршин Үкімет мүшелеріне нақты 3 сауал жолдады.
Еділ Жаңбыршин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Министрлік елдің азық түлік балансын әзірледі ме? Үкіметте азық-түлік қауіпсіздігіне қатысты, соны қамтамасычз етудің нақты жоспары бар ма? Кәсіпкерлер мен бюджет есебінен бағаны ұстап тұру мүмкін болмаған, жағдайда бағаның өсуін қандай жолдармен реттеуді қарастырып отырсыздар?
Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов сыртқы және ішкі факторды, қазіргі геосаяси жағдайды мысалға келтіре отырып, қандай шаралар қабылданып жатқанын түсіндіруге тырысты. Тұрғындарды алаңдатын мәселе көп. Бірақ, басым бөлігін табысты арттыру, кедейлік деңгейін төмендету жайы мазалайды. Барлық проблемалар нақты әрі жүйелі түрде шешілуі тиіс.
Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
Үлкен өзгерістер алдында тұрмыз. Президент ірі саяси реформаларды жариялады. Қазір сол саяси реформалар қарқынды іске асып жатыр. Енді біз, Парламент, Үкімет мүшелері, жергілікті билік – бәріміз бір кісідей жұмылып, қазіргі қоғамда қордаланып қалған мәселелерді жедел түрде шешуіміз керек. бір сөзбен айтқанда, біз мемлекет басшысының қарқынына ілесе білуіміз керек.
Өңірде өзекте проблема көп. Қоғам тарапынан көтерілген мәселелерді тиімді және уақытылы шешу үшін министрлер де аймақтарды аралайды. Мәжіліс пен Үкімет қоян-қолтық жұмыс істеп, қоғамда қордаланып қалған проблемаларды уақытылы шешпек.
Берік Көшербай