Қаратауда соңғы он жылда пәтер кезегінде тұрған мыңға жуық әлеуметтік аз қамтылған отбасы баспаналы болды. Тоқсаныншы жылдары тоқырау кезінде қараусыз қалған көпқабатты үйлер қайта жаңғыртудан өтуде. Апатты деп танылғандары сүріліп, жөндеуден өткендері мемлекеттік бағдарлама аясында тұрғындарға берілуде.
Салтанат Саңғылбаева 4 баланың анасы. Жас отбасы он жылдан бері жалдамалы пәтерде тұрып келген. Тапқан нәпақамыздың жартысын пәтерақысын төлеуге жұмсап, қиналып жүргенбіз дейді көпбалалы ана. Біраз жылдан бері баспана кезегінде тұрғандықтан жуырда 3 бөлмелі пәтердің кілтін алыпты.
Салтанат Саңғылбаева, қала тұрғыны:Осы үйдің кезегіне 2019 жылы тұрған едім. Көпбалалы ана ретінде 4 бала-шағам бар. Бүгінге дейін пәтер жалдап жүрдік. Қазір мемлекеттен 3 бөлмелі үй алдық.
Бір кездері Қаратаудың 45 мың тұрғыны болған. Тоқырау кезінде халықтың тең жартысы баспанасын тастап көшіп кеткен. Кейін шаһар «Моноқалаларды дамыту» бағдарламасына енгізіліп, жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Шағын қаладағы 202 үйдің 50 шақтысы «апатты» деп танылып, толықтай сүрілсе, жекенің қолына өткендері коммуналдық меншікке қайтарылды. Бүгінгі күнге дейін 15 көпқабатты тұрғын үй «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы жөнделді. Соның арқасында мыңға жуық отбасы баспаналы болды. Былтыр 2 үй күрделі жөндеуден өтіп, 217 пәтер тұрғындарға беріліпті.
Еркін Алтышев, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы:Көпбалалы аналар бірінші кезекте, одан кейін жетім балалар, әлеуметтік аз қамтылған отбасылар, жалғыз басты аналар, бюджеттік мекеме қызметкерлері тұрғын үймен қамтамасыз етілді.
Әкімдік өкілі бос тұрған үйлерді жөндеу жұмыстары биыл да жоспарда бар екенін айтады. 168 пәтерлі 3 тұрғын үйдің сметалық құжаттары дайындалып қойған. Енді республикалық бюджеттен қаржы бөлінсе, осы көктемде құрылысы басталмақ.
Дамир Жаманбаев, Қаратау аудандық құрылыс бөлімінің басшысы:Біз 3 көпқабатты тұрғын үйді жоспарлап отырмыз. Жалпы үшеуінің сметалық құны 1 миллиард 168 миллион теңге қаражат кетеді. Бүгінгі таңда жобалық сметалық құжаттамалары дайын. Республикалық бюджетке, бюджеттік өтінімін тапсырып қойдық.
Қазір қалада 30 мың тұрғын бар. Оның 1800-ден астамы пәтер кезегіне тіркелген. Енді бос тұрған 6 тұрғын үй күрделі жөндеуден өтсе, 560 отбасы баспанамен қамтылмақ.