Қасым-Жомарт Тоқаев америкалық басылымда Украинадағы жағдайға қатысты ойын білдірді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қасым-Жомарт Тоқаев америкалық басылымда Украинадағы жағдайға қатысты ойын білдірді

05.04.2022

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев америкалық басылымда Украинадағы жағдайға қатысты ойын білдірді. The National Interest журналында жарыққа шыққан мемлекет басшысының мақаласында Еуразия кеңістігіндегі қазіргі жағдай, Қазақстанда болған қаңтар оқиғасы да қамтылған. Сондай-ақ, Президент елдегі саяси реформаларға тоқталды.

Шерхан Жамбылұлы, тілші:

The National Interest, яғни «Ұлттық мүдде» журналындағы мақаласында мемлекет басшысы әлемдегі және Қазақстандағы өзекті мәселелерге тоқталған. Мәселен Украинадағы жағдайға қатысты өз ойын былай білдірді. Қазақстан Ресеймен де, Украинамен де достық қарым-қатынас ұстанады. Біз әлемнің көптеген елдері секілді Украинаның териториялық тұтастығына құрметпен қараймыз деп жазған.

Біз бұл қақтығыстың БҰҰ Жарғысына сәйкес тез әрі әділ шешілетініне үміттенеміз. Мен Владимир Путин және Владимир Зеленскиймен сөйлесіп, қақтығыстарды бейбіт жолмен реттеуге және келіссөзге шақырдым. Қазақстан халықаралық медиатор ретіндегі рөлін жалғастыруға дайын және оған қабілетті.

Шерхан Жамбылұлы, тілші:

 Украинадағы жағдаймен қатар Еуразия кеңістігін Қазақстандағы «қаңтар оқиғасы» дүр сілкіндірген еді. Президент жаппай тәртіпсіздіктер еліміз үшін ауыр соққы болғанын айтты. Дегенмен еліміз қазір күрделі реформаларды іске асырып жатыр. Оның басты мақсаты экономикалық және әлеуметтік проблемаларды шешу.

Біз Қазақстанда демократиялық қайта құрудың жаңа дәуіріне аяқ басып отырмыз. Президент аппараты, Парламент, жергілікті әкімшіліктер сияқты негізгі мемлекеттік органдар, сондай-ақ сот және құқық қорғау жүйелері түбегейлі реформаланады. Азаптауға нөлдік төзімділік болады.

Шерхан Жамбылұлы, тілші:

Маңызды өзгерістердің бірі Қазақстан супер президенттік басқарудан бас тартып отыр. Парламенттің рөлі мейілінше күшеймек. Бастысы жүйе таңдаулы адамдар үшін емес, тұтас қоғам үшін жұмыс істеуі керек екенін еске салды.

Ең бастысы, конституциялық өзгерістер аудан, қала, ауылдық округ әкімдерінің өкілеттігін арттырады. Енді олар халық алдында толық есеп береді.

Шерхан Жамбылұлы, тілші:

Бұл реформалар халқымыз үшін шешуші кезең болып табылады. Біз тоқырауды емес, дамуды таңдаймыз. Алда әлі көп жұмыс бар деп жазды президент. Сондай ақ мемлекет басшысы батыстық оқырманға Қазақстанның әріптестік пен достыққа бейілді екенін нық көрсеткен. Себебі бейбіт әрі жарқын болашақты тек бірлесе отырып қана жасауға болады.

Шерхан Жамбылұлы


Хабарламаларға жазылу