Қарағандыда қала көшелерін су басты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағандыда қала көшелерін су басты

05.04.2022

Даладан ағып келген қар суы Қарағанды көшелерін де басты. 

Руслан Нұрланұлы, тілші:
Коммуналдық қызмет мамандары түннен бері толассыз келіп жатқан суды тоқтататын бөгет салғанымен, оны бұзып өтіп үйлердің жертөлесіне кірген. Қазір қарқыны басылды. Жертөледегі суды сорып, кептірген. Қала әкімі бұл жағдайдың бірнеше себебін атап отыр. Биыл далаға қар өте көп мөлшерде түскен, әрі күн күрт жылынды. Бұрын даладан келетін судың барлығы қала сыртындағы арықпен ағып, Бұқпа өзеніне құятын. 90-шы жылдары бұл маңда жаппай құрылыс жүріп, арықты бітеп тастаған.
Ермағанбет Бөлекпаев, Қарағанды қаласының әкімі:
Бұл жерде жаңбырға арналған желі салынатын болады. Суды басқа жаққа жібереміз. Сондай-ақ канал немесе басқа да инженерлік құрылымдар салынады. Сол кезде су бұл жаққа келмейтін болады. Енді біздің жоспар бойынша, биыл құжаттың барлығын экспертизадан шығарып, келесі жылдан бастап кірісуіміз керек.

Жалпы қазір қалада жағдай тұрақталды. Облыс төңірегінде кеше кешкілік «Қарағанды - Аягөз - Бұғаз» тас жолының Ботақара және Петровка елдімекендері тұсында су жүрген болатын. Ал таңертеңгілік ахуалдың жақсаруына байланысты ол жол учаскелерінде көлік қатынасы қалпына келді.

Руслан Нұрланұлы


Хабарламаларға жазылу