Еуразиядағы тұрақсыздық Қазақстанның алға жылжуына тосқауыл бола алмайды. Америкалық «The National Interest» журналына осындай тақырыппен Қазақстан Президентінің мақаласы жарияланды. Онда Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ елінің алдында тұрған сын-қатер мен «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында айтылған ауқымды реформалар туралы баяндайды. Украинадағы жағдайға байланысты да пікір білдірді. Қазақстан Ресеймен де, Украинамен де достық қарым-қатынас ұстанатынын және 2 ел арасындағы қақтығыс Біріккен Ұлттар Ұйымының жарғысына сәйкес тез әрі әділ тұрғыда реттелетініне сенім білдіреді. Мемлекет басшысы Қаңтар оқиғасын да еске алды. Жаппай тәртіпсіздіктер еліміз үшін ауыр соққы болғанын жазды. Азаматтардың заңды талаптары ашық айтылып, мемлекет пен қоғам арасындағы байланыс тетіктерін нығайту қажеттігіне тоқталды. Президент мақаланы «Еуропа және АҚШ-пен арадағы 30 жылдық берік достық пен ынтымақтастықты күшейткіміз келеді. Еуразияны бұл мақсатқа тек бірлесе отырып қана жұмылдыра аламыз» деген сөздермен аяқтады.