Батыс Қазақстан облысындағы жеті аудан мен Орал қаласы су тасқынына орай ерекше бақылауға алынды. Табиғи апатпен күреске облыс резервінен 1,4 млрд теңге бөлінеді. Төтенше жағдай жарияланып, зардап шеккен аудан жұртына Оралдан гуманитарлық көмек жөнелтілді.
Тасқыннан Жәнібек, Қаратөбе, Бөрлі аудандарында 140 үй мен екі әлеуметтік нысан суға кетті. Ауыл-аймақта 751 адам қауіпсіз жерге көшірілді. Олардың 215-і бала.
Әзірге санақ бойынша 168 мал арам өлді. Жәнібектің Жақсыбай ауылы мен Қаратөбенің Шалғын ауылында су деңгейі түсті. Аймақта 770 адам апаттың салдарын жою мен алдын алуға жұмылдырылды. Атырау облысынан келген құтқарушылар -Жәнібекте, ал Маңғыстау облысынан келген көмек Тасқалада тасқынның алдын алуда.
Марат Күлдіков, ҚР Төтенше жағдайлар министрінің орынбасары:
Өзендерде қар еріп, қарғын судың ағысы жүріп жатыр. Бөрлі мен Жәнібек аудандарында тасқын жағдайы күрделенді. Шыңғырлау мен Қаратөбе аудандарында қиын жағдай сақталуда. Теректі, Тасқала, Бәйтерек аудандары мен Орал қаласы бақылауда.
Өңірдегі Деркөл, Утва, Көпіраңқатыда су деңгейі 50 сантиметрден 2 метрге дейін көтерілді. Табиғи апат зардабын жоюға барлық резерв көзінен 2 млрд-қа жуық теңге қарастырылған. Баспана, мал-мүлкінен айырылған тұрғындар бір айдың ішінде тиісті комиссияға өтініш беріп, құжаттарын реттеуі керек.
Тілепберген Каюпов, облыс әкімінің орынбасары:
Облыстық бюджеттің ішкі резерві 1,4 млрд теңге құрап отыр, яғни қолданыстағы заңға сәйкес бекітілген сомамыз. Сонымен қатар аудандық деңгейде, Орал қаласының ішкі резервінде 500 млн-ға жуық қаражат бекітілген. Үкімет ешқашан тұрғындарға, өз бауырларымызға көмектесуден ешқашан қашпайды.
Табиғаттың тосын мінезінен тосырқап қалған ағайынға «Аманат» партиясының мүшелері мен кәсіпкерлер азық-түлік тиелген жүк көліктерін жөнелтті. Бір күнде Жәнібек, Қаратөбе халқына 20 тоннадай гуманитарлық көмек жиналды.
Тұрарбек Тілемісов, кәсіпкер, облыстық мәслихат депутаты:
Таңмен әкеліп, тиеп жатырмыз. Жәнібек дегени білесіздер 500 шақырым жер. Көп көмек сол жаққа жіберіп жатырмыз. Қаратөбеге де 10 тонна шығарып тұрып тұрмыз. Жартысын Жымпитыға, қалғанын анда апарады.
Бұған қоса зардап шеккендерге көмек ретінде партияның жанынан арнайы есепшот ашылды. «Ақжайық» қоры құрылып, оған да қаржы аударылуда. Облыста жасақталған еріктілер штабында зардап шеккендер үшін киім-кешек, азық-түлік қабылданып жатыр.
Ардақ Мұратқызы