Ақмола облысында тәртіп сақшылары 2 айда заңсыз айналымнан 30-дан астам қару мен 88 патронды тәркіледі. Мысалы, Аршалы ауданы тұрғынынан 16-шы калибрлі «ИЖ», «ТОЗ-63» еш жерде тіркелмеген қару мен 65 патрон табылды. Осы ауданның тағы бір азаматының белгісіз маркалы 20-шы калибрлі қос ұңғылы мылтық пен 11 патрон сақтағаны анықталды. Барлық дерек бойынша баллистикалық сараптама тағайындалып, тексеріс жүргізіліп жатыр. «Қару» жедел іздестіру шарасы кезінде барлығы 8 мыңнан астам азаматтық қару иесі тексерілді. 118 адам қаруды сақтау ережесін, ал 50 адам оны тіркеу тәртібін бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ тұрғындар ерікті түрде Ішкі істер органдарына тегіс ұңғылы 6 қаруды тапсырды.
Аслан Қызбикенов, облыстық Полиция департаментінің басқарма бастығы:
«Қару» жедел іздестіру шарасы әлі де жалғасады. Тұрғындарда заңсыз сақталған қарулары болса, өз еріктерімен тапсыруға шақырамыз. Бұл жағдайда ешқандай жаза тағайындалмайды.
Айта кету керек, қаруды заңсыз сақтағандарға әкімшілік те, қылмыстық та жаза қарастырылған. Қазіргі уақытта облыста 1 200-ден астам қару жоғалған болып есептеледі.
Ермек Елберген