Шығыстағы таулы аудандарда қар көшкіні толастамай тұр. Бүгін таңертең «Өскемен–Рахман қайнары» бағытындағы автокөлік жолын қар басып қалды. Көшкін республикалық маңызға ие жолдың 435 және 437 шақырымындағы біраз бөлігін алған. Шамамен 360 текше метр қар құлған. Оқыс оқиғадан ешкім зардап шеккен жоқ. Қазір жол уақытша жабылып, қар тазаланып жатыр. «ҚазАвтоЖол» мекемесінің мамандары 1-2 сағатта қозғалыс қалпына келетінін хабарлады. Жалпы шығыста көшкін түсетін 497 аумақ бар.