Украинаның Буча қаласында 20 бейбіт тұрғынның денесі табылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Украинаның Буча қаласында 20 бейбіт тұрғынның денесі табылды

04.04.2022

Әлем назары Украинаның Буча қаласына ауды. Ресей әскерінен босатылғаннан кейін мұнда 20 бейбіт тұрғынның денесі табылды. Жалпы Киев облысының азат етілген аудандарынан 410 адамның мәйіті шығарылған.

Президент Владимир Зеленский әр әскери қылмысты тексеру үшін арнайы сот тетігі құрылатынын мәлімдеді. Ал Ресей Қорғаныс министрлігі Бучадан тараған кадрлар шындыққа жанаспайтындығын мәлімдеп, тағылған айыптарды жоққа шығарды. Дегенмен «BBC» және өзге де әлемдік бұқаралық ақпарат құралдарының журналистері оқиға орнына барып, болған жағдайды көзбен көргенін айтады. Батыс елдері Бучада болған жағдайға байланысты Ресейге қарсы санкцияларды күшейтуге дайындалып жатыр.

Соңғы деректерге сай, жексенбіде Ресей күштері Украинаның бірнеше қаласына оқ жаудырды. Олардың арасында оңтүстіктегі стратегиялық жағынан маңызды Одесса порты да бар. Мәскеу Украина әскерін қамтамасыз ететін мұнай нысандарына соққы бергенін мәлімдеді.

Арай Төлегенқызы


Хабарламаларға жазылу