Соңғы 2 жылда 8 млн гектардай жер пайдаланылмай бос жатқан - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Соңғы 2 жылда 8 млн гектардай жер пайдаланылмай бос жатқан

01.04.2022

Соңғы екі жылда 8 млн гектардай жер пайдаланылмай бос жатқан. Жекенің қолына өтіп кеткен алқаптардың басым бөлігі жайылым жерлер. Ал ауылдағы ағайын мал жаятын жер таппайды. Қоршалған аумақты мал тұяғы баспайды. Ауыл шаруашылығы министрлігі жайылымға деген сұраныс биыл 21 млн гектардан 14 млн-ға азайды деп отыр.

Жер жекенің қолына өтіп кеткен

Төрт түлік баққандар үшін жайылым жердің жыры бітпей келеді. Мысалы, Түркістан облысындағы бірқатар ауданда мыңдаған гектар жер жекенің қолына өтіп кеткен. Шардара су қоймасының маңын кәсіпкерлер сыммен қоршап тастаған. Бірде бір мал кіргізбейді. Тұрғындар көрші аудандардың аумағына телміріп отыр. Ақша төлеп, сол жақта малшы жалдайды.

Мұрат Мұсаев, Жетісай ауданының тұрғыны:

Мұның егелері мүлде біздің ауылдың адамдары емес, бөтен адамдар. Кім екенін де танымаймыз. Олар ойларына келгенін істеп, жердің бәрін қоршап алып қойды. Сол себепті мал жаятын жер жоқ.

Бердіқұл Мұртазаев, келес ауданының тұрғыны:

Жайылым жылдан жылға тарылып бара жатыр. Негізі бізге мына жақтан 2 мың гектар жер берген ауылымызға. Соның 1 мыңын бір семья қоршап отыр. Болды ғой. Біздің жағдайымыз осындай.

8 млн гектар жер пайдаланылмаған

Жайылым мәселесі барлық аймақта бар. Өткен жылы ғарыштық технологиялардың көмегімен пайдаланылмай бос жатқан жерлер анықталған. Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қостанай және Маңғыстау облыстарында 8 млн гектардан астам жердің игерілмегені белгілі болды. Оның басым бөлігі жайылым. Пайдаланылмаған жер бұдан да көп болуы мүмкін.

Ақылбек Күрішбаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Сегіз млн гектар игерілмейді деген сөз - біз қожалықтарға, фермерлерге тиісті көмек бермей жатырмыз деген сөз. Жетпіс алты пайызы ауыл шаруашылығы техникасының тозған. Біз жылына жоқ дегенде 10 пайызын жаңартуымыз керек. Фермерлер жеңілдетілген несие алып отыр, 11 пайыз ғана. Тек 13 пайыз фермерлер субсидияға қолдары жетіп отыр.

2 млн гектар жер мемлекетке қайтарылды

Қазір әлемдік ахуал күрделі. Азық-түлік саласында ауыл шаруашылығының дәуірі жүретін кезең алыс емес. Сондықтан жер жыртып, мал бағам дегендерге қолдауды шектемеу қажет. Техникасы ескірген, қаржысы жоқ шаруаның еңбек етуге мүмкіндігі болмайды. Тағы бір мәселе - мемлекетке қайтарылған жерлерді шаруасын дөңгелетіп әкете алатын кәсіп иелеріне берген әлдеқайда тиімді. Ал жайылым мәселесі өз шешімін табады, - дейді ғалымдар.

Төлеутай Рақымбеков, «Ауыл» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

Оның да проблемасы шешіледі. Тек мәндетті түрде емес қой. Сол жеке меншік малды ауылдың маңайында жаю. Егер кооперацияны пайдалансақ, кооперацияны мемлекет қолдаса жеке меншік малды 10-15 шақырымдық жерге шығаруға болады. Жүз млн гектар әлі резервте бар. Соның бәрін тиімді пайдаланатын бүкіл мүмкіншілігіміз бар.

Соңғы екі жылда пайдаланылмаған 8 млн гектар жердің қазір 3 млн гектардан астамын шаруалар игере бастаған. Бұл нақты шаралардың нәтижісі. 2 млн гектары мемлекет меншігіне қайтарылды. Ал 3 млн гектарға жуығы бойынша жергілікті әкімдіктер әлі де жұмыс істеп жатыр.

Пайдаланылмаған жер – 8,1 млн га

Игеріле бастады – 3,4 млн га

Мемлкетке қайтарылды – 2,1 млн га

Жергілікті биліктің қарауында – 2,6 млн га

Айта кетейік, қазір елімізде пайдаланылмайтын жерге салынатын салық 2 есе өсті. Мәжбүрлеп мемлекетке қайтару 1 жылға қысқарды.

Дарын Сағитов


Хабарламаларға жазылу